Сапасыз жол үш жылда 200-ге жуық адамның өліміне себепкер болды

29 Қыркүйек 2022, 12:43
1210
Бөлісу:
Сапасыз жол үш жылда 200-ге жуық адамның өліміне себепкер болды

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатор депутаттық сауалында Алматы облысы мен Жетісу облысының тұрғындары жолдарды жөндейтін мердігер компаниялардың жұмыс сапасына наразы екендігін айтып, мәселе көтерді. 

Айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары 2-3 жылға кешігіп қалған, тиісті деңгейде жүргізілмеді және техника негізінен бос тұр. 

Сенатор мердігер компаниялардың өз міндеттемесін уақтылы және сапасыз жасауы, білікті мамандар мен қажетті техниканың жетіспеушілігі, конкурстардың өткізілуін қадағалау мен бақылаудың болмауы, сондай-ақ конкурста жеңіп шыққан мердігерлердің міндеттемесі қосалқы мердігерге берілгені осыған себеп болды деп санайды. Бұл кейіннен жауапты адамдарды іздеуді қиындатады.

Жол жөндеу жұмыстарының уақытында жүргізілмеуі, жолдардың пайдалануға берілген бөлігінде жол жиектерінің жасалмауы және пайдаланудағы жолдардың төмен сапасы жол-көлік оқиғасы көрсеткіштерінің жыл сайын өсуіне тікелей себепкер болып отыр. Мысалы, Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметі бойынша республикалық маңызы бар тас жолдарда 2020 жылы 144 жол-көлік оқиғасы орын алып, 48 адамның өмірі қиылды, 223 адам зардап шеккен. 2021 жылғы жол-көлік оқиғасы – 186, қайтыс болғандар – 76, зардап шеккендер – 368. 2022 жылдың 7 айында 105 жол-көлік оқиғасында 45 адам қайтыс болды, 157 адам зардап шекті, - деп атап өтті Сұлтан Дүйсембинов.

Парламент мүшесі осыған байланысты Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай, Үшарал-Достық, Қарағанды-Алматы, Ақши-Қонаев автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жүргізу үшін тиісті құзыретті органдарға тексеру жүргізуді ұсынды. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, жол-жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылаудың нақты алгоритмін әзірлеу қажет. Сондай-ақ жол саласының тиісті мамандарын даярлау және конкурс өткізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау қажет деп есептейді. 

Өзгелердің жаңалығы