Астана полицейлері сапасы белгісіз етті заңсыз сатқан адамды әшкереледі. «Әлем» базарында ветеринариялық құжатсыз өнім өткізуге жол ашқан жалған мөр қою фактісі анықталып, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана полициясы сапасы белгісіз ет өнімдерін өткізу арнасын тоқтатты. «Мал ұрлығы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында уәкілетті органдардың рұқсатынсыз ветеринариялық ілеспе құжаттарды рәсімдеумен айналысқан 41 жастағы ер адамның заңсыз әрекеті анықталды.
Анықталғандай, ер адам сыйақы үшін ет өнімдеріне мөр басып, сатушыларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз өнімді сатуға мүмкіндік берген. Оның қолданған мөрі тәркіленді.
Жалған құжаттарды, мөрлер мен штамптарды қолдан жасағаны және таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Нарық әкімшілігіне мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында шаралар қабылдау жөнінде полиция тарапынан ұйғарым енгізілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде, - деп хабарлады Астана қала ПД баспасөз қызметі.
Полиция ет өнімдерін сатып алу кезінде ветеринариялық құжаттарды мұқият тексерудің аса маңызды екенін еске салады. Өнімнің заңды жеткізілуіне күмән туындаған жағдайда, бірден «102» нөміріне хабарлау қажет.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында мал ұрлығымен айналысқан студенттер ұсталған болатын.