Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңдегі лауреаттарын марапаттау салтанатына қатысты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта, ашық аспан астында өтті.
Айта кетейік, «Жомарт жүрек» сыйлығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен елімізде қайырымдылық саласын дамытуға елеулі үлес қосқан жанашыр жандарды іздестіру және көтермелеу, оларға қоғамдық назар аудару мақсатында тағайындалған. Аталған сыйлық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.
Қайырымдылық – біздің қасиетті құндылығымыз. Біз қашаннан бір-бірімізді қолдап, көмек көрсетіп, мейірімділік танытып келеміз. Сонау ашаршылық, соғыс кезінде де ата-бабаларымыз ұлтына, тіліне қарамай көпке көмек көрсетіп, қол ұшын бергені белгілі. Сол игі дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған «Жомарт жүрек» жобасы біздің өңірімізде де табысты жүзеге асып келеді. Қамқорлықты қажет ететін отбасыларға біздің демеушілеріміз, кәсіпкерлеріміз үнемі қайырымдылық танытып келеді. Бұдан бөлек облыста «Жомарт түлек» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – табысты түлектерді өзінің мектебіне, туған ауылының әлеуметтік мәселелерін шешуге, өркендетуге тарту, сондай-ақ олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсыну. Сонымен қатар халқымызды бірлікке үндейтін «Асарлатып үй салу жобасын» қолға алған болатынбыз. Ежелден келе жатқан игі дәстүр – асар әдісін қайта жаңғыртқан бұл бастама аясында кәсіпкерлер мен қайырымды жандардың атсалысып, көптеген мұқтаж отбасыға үй салып беруде. Біз бірлігіміз бен ұйымшылыдығымыздың, табандылығымыздың арқасында барлық қиыншылықты еңсере аламыз, - деген аймақ басшысы барлық қайырымды жанға алғысын білдіріп, аталған сыйлық лауреаттарын құттықтады.
Бұдан соң облыстық деңгейдегі «Жомарт жүрек» сыйлығының бірқатар номинация бойынша лауреаттарына марапаттары тапсырылды. Атап айтсақ, «Туған өлке» номинациясына Еркінбек Қуатбеков ие болды. Ол Талас ауданы Майтөбе ауылына 18 миллион теңгеге кіші футбол және 1,2 млн теңгеге Street workout алаңшаларын салып берген. Ал «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясына ие болған Мүтәлі Әбутәліп М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектебіне құны 12 млн теңгені құрайтын «STEM» лабораториясын сыйға тартқан.
Сондай-ақ «Жыл тұлғасы» сыйлығына Ғалия Әбітаева лайық деп табылды. Ол ағымдағы жылы 30 жылға жуық баспанасыз жүрген, төрт ұлынан айырылған қос қарияға және оның екі жетім немересіне үй алып беру мақсатында кайырымдылық акция ұйымдастырып, баспаналы болуға атсалысқан. Ғалия Әділқызы індетке байланысты карантин талаптары мен тәртіптерін орнықты орындауға шақырған және вакцина салулары үшін, мыңдаған дәріптеу, насихаттау, үндеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың вакцина қабылдауына себепкер, негіз бола білген.
«Жыл меценаты» атанған Талғат Тургумбаев Жуалы аудандық орталық ауруханаға жалпы құны 109 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берді. Оның ішінде заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған реанимобиль, 30 оттегі баллоны, 3000 дана жеке қорғаныш киімдері, медициналық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын қорғаныс құралдарын және 10 дана оттегі концентраторлары бар.
«Жылдың үздік ұйымы» номинациясын «Жамбыл облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жеңіп алған. Қоғамдық бірлестік ағымдағы жылы Байзақ ауданының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету үшін 500 мың теңгеден астам қаражат жинап, оған Қайнар ауылындағы 19 отбасына азық-түлік сатып алып берген.
Барлық жеңімпазға дипломдар мен ақшалай (200 мың теңгеден) сыйлықтар табысталды.