Сапарбаев: Туризмді дамытудың стратегиялық жоспары қажет

13 Мамыр 2020, 21:30
1534
Бөлісу:
Сапарбаев: Туризмді дамытудың стратегиялық жоспары қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл  Жамбыл облысында мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Атап айтар болсақ өңірде "Ауыл – ел бесігі" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары аясында  алты жаңа ауылдық  мәдениет үйі мен клубтар ашылады. 

Сонымен қатар, екі ауылдық клуб пен кітапхана жөндеуден өтеді. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ағымдағыт жөндеуден, ал Байзақ аудандық мемлекеттік мұрағаты абаттандырылады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы жұмыс сапары барысында "Қарахан" және "Тектұрмас" этно-тарихи кешендерін қалпына келтіруге бағытталған жоспарлы жұмыстар барысымен танысты.

Қазіргі таңда бұл нысандар еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін де, тағзым етшілер үшін де тартымды орын саналады. Алдағы уақытта тиісті инфрақұрылым тартылып, қайта жаңғырту шаралары атқарылғаннан соң олар "Айша бибі" кесенесі мен "Көне Тараз" кешенімен қатар туризмді дамытудың локомотивіне айналады деп күтілуде.

"Қарахан" кешенінде аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Онда экспозиция залы өз жұмы істейді. Қазіргі уақытта "Қарахан" және "Көне Тараз" кешендерін қосатын жаяу жүргіншілер аймағын қамтитын сквер салу жобасы іске асырылуда. Қала әкімдігі мемлекеттік қажеттіліктер үшін бес жеке үйді сатып алу мәселесін қарастыруда.

Аймақ басшысы көгалдар мен гүлзарларды отырғызып, Байзақ батыр көшесі жағынан Қарахан кесенесінің панорамалық көрінісін ашуды, ол жақтан да жеке кіреберіс салуды ұсынды.

"Тектурмас" этно-тарихи кешені өткен жылы қайта жанданып, онда Әулиеатаға алып ескерткіш қойылып, басқа да сәулет элементтері орнатылды. Алайда, жобаны толық аяқтау үшін ол жерге көпестердің дүкендері бар ортағасырлық бекініс тұрғызып, сарқырама, жағалауды жайластыру, кешен мен кесененің арасына жаяу жүргіншілер аллеясын салу, Аңырақай және Атлах шайқастары бейнеленген барельефті қабырға орнату жұмыстары жүргізілуі керек. Ал аспалы жол салу мәселесі кешен толығымен аяқталғаннан соң қаралмақ.

Тектұрмастағы жұмыстарды екі кезеңге бөлу керек, алдымен абаттандыру жұмыстарын аяқтап, содан кейін бекіністің құрылысын бастаған дұрыс. "Қарахан" және "Тектұрмас" кешендеріне туристік маршруттарды ұйымдастыру, гидтер мен экскурсоводтарды оқыту қажет. Туризм басқармасы туризмді дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуі қажет. Жамбыл облысы барша Қазақстан мен шетелге барынша жарнамалап, марқая көрсетуге тұрарлық тарихи нысандарға  бай, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өзгелердің жаңалығы