Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақ поэзиясының Ақ гүлі атанған танымал ақын Күләш Ахметова мерейлі 75 жасқа толып отыр.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көпшіліктің сүйікті авторы, жерлесіміз Күләш Ділдәқызына барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс еттім. Ақынмен ақжарма кездесуде өңір, ел руханиятының бүгіні мен болашағы туралы келелі әңгіме өрбіді, - деп жазды облыс басшысы.Күләш Ахметова – шын мәнінде Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы. Ол осынау жылдар белесінде мағыналы да мазмұнды өмір жолынан өтіп, бойдағы ерекше таланты, нәзік болмысымен көпшіліктің көңіл төрінен орын ала білді десек қателеспейміз. Ойлы өлеңдерімен қалың оқырманның жүрек қылын шерткен қаламгер шығармашылығы махаббат, табиғат, патриоттық сарынға негізделіп, әсіресе жастарды Отанды, туған елді сүюге, құрметтеуге, ұлтжандылыққа үндейді.
Аяулы ақынның бүгінге дейін көптеген жыр-жинақтары жарық көріп, талайдың іздеп, сүйіп оқитын авторына айналғаны ақиқат. Бұл – кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ! Еліміздің рухани мұрасы – Күләш Ахметова шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жете береріне, ақын қаламынан әлі де талай шұрайлы жыр жолдары жарыққа шығарына сенемін. Әдебиеттегі тұғыры биік көрнекті тұлғамыздың ғұмырының ұзақ болуын, абырой асқарының аласармауын тілеймін, - деп жазды Бердібек Сапарбаев.