Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі

6 Қазан 2022, 15:32
3784
Бөлісу:
Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі

Қай заманда да әділдік пен заң кез келген адамның құқықтық кепілі саналаған. Әділет қорғаушылары әр кезеңде әр түрлі аталғанымен негізгі міндеті біреу – қара қылды қақ жарып, төрелік ету, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ қоғамында билер институты әділдіктің символы болғаны тарихтан белгілі болса, қазіргі зайырлы елімізде сот жүйесі баршамыздың құқығымыз бен теңдігіміздің кепілі. Ал осы сот жүйесінде қажырлы жұмыс пен аса ыждаһаттылықты талап ететін қызметтің бір түрі – сот-сарапшылық ісі. 

Сот сарапшылары заттай айғақтарға зерттеу жүргізу арқылы сот үрдісінің әділдігі мен ғылыми нақтылығын қамтамасыз етеді. Жазықты мен жазықсыздың ара-жігін айыруға, соттың дұрыс үкім шығаруына жағдай жасайды. Сот сарапшыларының қажырлы еңбегіне қарамастан мамандықтың қызығы мен қиындығы жайлы БАҚ беттерінде мәліметтер өте аз. Көбіне заңнамалық актілер мен ресми құжаттарда берліген ақпараттар аясында ғана танылып, сарапшылықтың күнделікті өмірдегі жұмысы, қоғамдағы маңызы көпшілік назырынан тыс қалып қояды. 

Бүгін осы олқылықтың орнын толтырып, абыройлы да жауапкершілікті мамандық иелерінің тәжірибесімен бөлісудің сәті түсіп отыр. Ол үшін ҚР ӘМ ССО РМҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сот сараптамалары институтында ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан сарапшылармен бірге өз мамандықтарының қыр-сыры жайлы ақжарма сұхбат құрған едік. 

Сұхбатты Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының аға сарапшысы Рахымжан Рашимбетовпен бірлесіп ұйымдастырғанымызды айта кеткен ләзім.

Әңгіме барысында көпшілікке қызықты, әрі мол ақпарат беру үшін біраз сұрақты қамтыдық. Бұны сот сараптама қызметкерлерімен өткен шағын дөңгелекүстел деп қабылдауларыңызға да болады.

- Сот сарапшысы мамандығына қай кезде келдіңіз? Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

ССИ бас сарапшысы Айжан Бекбосынова: 

Мен Сот сараптама орталығына 1998 жылы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді аяқтағаннан кейін келдім. Ол кезде Сот сараптама орталығы Алматы қаласында болатын әрі сот фоноскопиялық бөлімі енді құрылып жатқан еді. Бұл маған осы бөлімнің негізін қалаушылардың тізіміне енуге үлкен мүмкіндік болды. Ол жерге ҚазҰУ мұғалімдерінің жолдамасымен келдім. Жас кезімде бұрын-соңды мұндай мамандық барын білген емеспін. Өз мамандығым – филолог, әдеби қызметкер, аудармашы болғандықтан, бұл мамандыққа қандай қатысым бар деп, ойланып қалғаным есімде. Сот сараптама орталығының қабырғасына келіп, бөлім басшысымен сөйлесіп, мамандықтың қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін білгеннен кейін, жұмыс істеуге қызығушылығым оянды. Ата-анама айтқан кезімде, олар менің кішкентайымнан әрдайым әділдікке жақын екендігімді айтты және бұл жұмысты құптап, мені қолдаған болатын.

Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі
Тимур Батыршин

ССИ бас сарапшысы Тимур Батыршин: 

Сараптамаға қатысты мәселелермен 1990 жылдардың басында танысып, оларды шешу жолдарымен айналыстым. Сол уақытта Целиноград инженерлік-құрылыс институтының «Автомобильдер мен қозғалтқыштар», «Автомобиль көлігін пайдалану» кафедраларында зерттеу әдістемелерін әзірлеу, апробациялау және енгізу жүргізілді. Көлік қауіпсіздігі және техникалық жай-күйі, пайдалану шығындарының шамаларын және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құнын талдау мәселелері қаралды. 1993 жылы зерттеу әдістемесінің нұсқасын жасап, ол Білім министрлігінің дипломымен бекітіліп, әдістеме ретінде пайдаланыла бастады. 

2001 жылдан бері Сот сараптамалары институтының бас сарапшысы болып жұмыс істеп келемін. Біздің жұмыс – техника және заң ғылымдарының тоғысында. Сондықтан техникалық аспектілерді заң тұрғысынан талдау маңызды.

Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі
Ардақ Байнөсерова

ССИ бас сарапшысы Ардақ Байнөсерова: 

Менің алғашқы мамандығым химия ғылымымен байланысты. ҚазҰУ-дің химия факультетін 1992 жылы бітіргенмін. Факультеттің ғимаратына қарама-қарсы бізге беймәлім жабық ғимарат болатын. Оның Сот сараптамасы институты екенін кейін білдік қой. 

КСРО кезінде сарапшы болу үшін кемінде тоғыз ай қосымша оқып, Мәскеу немесе Минск қалаларында тәжірибеден өткен соң ғана қабылданатын еді. Алайда, бұл маған орындалуы қиын болып көрінді. 1997 жылы Қазақ ғылыми зерттеу сот сараптамасы институты қайта реформаланып, штатын кеңейтіп, сарапшы болуға шақырғанда қуана келісіп, студент кезімдегі арманым орындалды. 

- Ұзақ жылғы тәжірибеңізге сүйене отырып, сот-сарапшысы үшін ең қажетті дағдылар мен қасиеттерді айтып берсеңіз?

Айжан Бекбосынова:

Өз ісінің маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған дейді. Сондықтан да мамандықты таңдағанда, ең бірінші адам өз жұмысына сүйіспеншілікпен және қызушылықпен қарау керек, сонда ғана бұл жұмыстан ләззат алып, рақат, қуаныш таба алады, үлкен нәтижеге жетеді. Ең қажеттісі: сарапшының білім деңгейі. Кәсіби білім мен іскерлік, ұйымдыстырушылық қабілеті бар, психикалық жағынан тұрақты болғаны жақсы. Ал техникалық прогрестің жеделдігіне және ақпарат хабарларының дамуына байланысты, өзінің кәсібилігін жетілдіріп отыру, аналитикалық ой-өрісі кең, білікті, сонымен қатар, тәрбиелі және әдепті болуы тиіс деп ойлаймын.

Тимур Батыршин: 

Алға қойған міндетті дер кезінде, тиімді орындап, заманға сай білімді игеру қажет. Өйткені прогресс тоқтамайды және оның біздің қызметімізге әсері көп. Ол бізді бұрын қолданылмаған, жаңа зерттеу технологияларын жасауға мәжбүр етеді. Демек, сарапшының арнайы білімдерін актуализациялау – бұл оның біліктілігін арттыру және өмір бойы оқыту деген сөз. Бұл сізге жаңа көкжиектер ашуға және сот сарапшысының жұмысы мен кәсіби шеңбері ұсынғандай мәселелерді қарастыруға мүмкіндік береді.

- Сіз үшін сот-сарапшысының бүгінгі қоғамдағы орны қандай?

Айжан Бекбосынова: 

Сот сарапшысы болу – қоғамға пайдасы өте зор және маңызды жұмыс. Көптеген қылмыстық және азаматтық істер бойынша сарапшының қорытындысы сол істің шанайы шешілуіне негіз болады. Сарапшының қорытындысы – сол адамның тағдырын шеше алады. Сол себепті де сарапшының әрбір қорытындысының нәтижесінде адам тағдыры, олардың конституциялық құқығы мен бостандықтары тұрғанын естен шығармауымыз керек. Сот сарапшының жұмысы үнемі дамып, үнемі ізденіс пен зерттеушілік жағдайында болатын өте ерекше сала. Өйткені стандартты объектілер де, ешкім зерттемеген жаңа объектілер де зерттеуге келіп түседі. Мамандардың алдына терең зерттеу барысында ғана жауап беруге болатын сұрақтар қойылады. Көп жағдайда сот шешімі – сарапшы қорытындысының адалдығына, объективтілігіне және дұрыс зерттеу жүргізуіне байланысты болады. 

ССИ бас сарапшысы Ғайни Мекебаева:

Меніңше қоғамда сот сарапшыларының орны зор. Сот сарапшысына әкімшілік, азаматтық, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты тапсырмаларды зерттеу жауапкершілігі жүктеледі. 

- Бұрынғы кездегі және қазіргі кездегі сот-сараптама қызметінің айырмашылығы қандай? Оң өзгерістер бар ма? Болса қандай өзгерістерді айта аласыздар?

Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі
Ғайни Мекебаева

Ғайни Мекебаева: 

Жылдан жылға материалдық, техникалық, әлеуметтік жағдай жақсарып келеді. Әртүрлі халықаралық конференциялар өткізіліп, сарапшылар Еуропада біліктілігін арттырады.

Тимур Батыршин: 

Қазіргі уақытта құқықтық реформаның нәтижесінде заңнама қайта қаралып, түзетулер мен өзгерістер енгізіліп жатыр. Ал менің ҚР ӘМ ССО-дағы жұмысым барысында мен ХХІ ғасырға дейін және ХХ ғасырда іс жүзінде әзірленген қолданыстағы жүйеге сәйкес әдістерді байқауға және практикада пайдалануға мүмкіндігім бар. 

Басқа елдердегі жұмыс тәжірибесімен танысу, Қазақстандағы жол көлік оқиғасын зерттеу бөлімінің алдында тұрған мәселелерді шешу үшін мен ұсынған әдістер өзекті болып шықты. Мен графикалық интерфейстер үшін пайдаланылатын компьютердің есептеулер үшін қуаты мен ортаның арқасында жаңа бағдарламалық пакеттерді оқу курстарында ұсынып, демонстрациялар жүргіздім. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі заманауи бағдарламалық құралдар мен жабдықтарды алды. Тиісінше, оларды қарастыру үшін жылдар бойы қалыптасқан стереотиптік әдісті ғана қолдануға болмайды. Сонымен, нақты ғылымдардың есептеулерін қоса алғанда, соның ішінде (физика, материалдардың беріктігі, математика, фотограмметрия және т.б.) бағдарламалық қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұтынушылардың ССО қызметтеріне қанағаттануы бойынша жұмыстың тиімділігі артты, бұл кері байланыспен дәлелденді.

Сапалы сот-сараптамасы – конституциялық құқық пен бостандық кепілі
Айжан Бекбосынова

Айжан Бекбосынова: 

Егер бұрынғы және қазіргі кездегі сот сараптама қызметкерлерінің айырмашылығын айтатын болсақ, Әділет министрлігі мен Сот сараптама орталығы көптеген іс-шара жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Мен сарапшы боп тағайындалғанымда, бір принтер, екі-үш компьютер болатын, қазіргі таңда матералиалдық-техникалық қамтамасыз ету жақсарды. Көптеген қалада Сот сараптама институттары ашылды, көптеген зертхана мен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, көптеген сарапшы шет елдік университеттерде «Болашақ» бағдарламасымен оқып немесе басқа да шет елдік зертханалармен қарым-қатынастарын ұлғайтып, сарапшылар кәсіби біліктіктерін жетілдіріп жатыр. Одан бөлек жаңа зертханалар салынды. Ең бастысы, сот медициналық сараптамасы Әділет министрлігінің құзырына беріліп, сот сараптама қызметі бір секторда бірігіп қалыптастырылды. Жуырда жалақымызды да көбейтті. Алдағы уақытта да, сарапшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар кешені жүргізіледі деп үміттенеміз.

- Тимур Федорович, келесі сұрақ тікелей өзіңізге бағытталып отыр. Қазіргі өзіңіз басқарып отырған бөлімнің зерттеу жұмысы жайлы айтып бере аласыз ба?

- Әрине, айтып беремін. Біздің бөлімнің жұмысы мысалында – заманауи прогресс сарапшының ойын өзгертуді, инженерлік талдауға және одан әрі кешенді көлік проблемаларын зерттеуді ғылыми талдауға көшуді талап етеді. Өйткені көлік қауіпсіздігінің кешенді мәселелері және оның жұмысын тәуекелдер теориясы негізінде талдау – бүкіл әлем үшін ортақ: көптеген мемлекеттердің жігерлі және дәйекті күш-жігеріне қарамастан халықаралық қауымдастық 2011-2020 жылдарға арналған Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша онжылдыққа созылған іс-қимыл бағдарламасы бар. Соған қарамастан, БҰҰ 2020 жылға дейін жол қауіпсіздігіне қатысты тұрақты даму мақсатына жете алмады. Яғни бүкіл әлемде жолдағы өлім мен жарақат санын азайтуға қол жеткізе алмады. Дүниежүзінде жол апаты мен содан болатын адам өлімінің саны азаймады. Тіпті іс жүзінде әлі де өсіп келеді деуге болады. 

Осыған байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясы (A/RES/74/299) «Бүкіл әлемде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру» қарарын қабылдап, 2021-2030 жылдар аралығын жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдардың екінші онжылдығы деп жариялады. Онда жаңа ауқымды мақсаттар қойылып, негізгі Уағдаласушы тараптарды жолда қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы әлемдік санын 2030 жылға қарай екі есе қысқартуды жобалап отыр. Сол арқылы онжылдықтың мақсатына қол жеткізуді қолдау үшін басқарушы құжат ретінде екінші онжылдыққа арналған іс-қимыл жоспарын дайындауға шақыру қамтылған. Бұл мақсат қызметкерлерді іріктеу, олардың біліктілігі мен құзыреттілігін бағалау міндеттерін қояды. 

- Сіздіңше Сот сарапшысы болу үшін қандай мамандықты оқу керек?

Осы талаптардан көріп отырғанымыздай, инженерлік дайындықтан басқа, сарапшы қызметтің қазіргі заманғы технологияларын меңгеру, қалыптасқан нақты жағдайды бағалау қажеттілігін ескеруі тиіс. Сарапшылар жүргізетін зерттеулер – құзыретті органдар қарайтын мәселелер мен материалдар бойынша тиімді шаралар мен шешімдер қабылдау үшін жиналатын және пайдаланылатын дәлелдемелердің логикалық тізбегіндегі байланыстардың бірі. 

Біздің мекемеде сарапшы лауазымына үміткер сараптамалық мамандық бойынша қосымша кәсіптік оқудан өтеді.

Сонымен қатар, автотехника сарапшысының жұмысын атап өтуге болады. Мысалы біз осыған байланысты оқиғалардың проблемалары мен себептік байланыстарын кешенді қарастыратын болсақ, онда ол мансап емес, инженер ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәлелдемелер жиынтығын және заңгер ретінде бағалайды, дәлелдемелер мен криминалистиканың қырларын ажыратады.

- Болашақ жастарға осы мамандықты меңгеруге кеңес берер ме едіңіз?

Тимур Батыршин: 

Сарапшылық жұмыс – құқықтық реформа мен заң үстемдігін, қазіргі имиджін арттырады. Демек, бұл – сарапшылық мамандықты жастарға ұсынуға негіз болады. Сараптама жұмысының тарихы терең және қазіргі уақытта да маңыздылығы мен өзектілігі жоғары қызмет. Бүгінгі мектеп оқушыларына, әсіресе бітіруші сыныптарға одан әрі даму перспективаларын ашады. Сондықтан қуана-қуана жас мамандарға ұсынар едім.

Ғайни Мекебаева:

Біріншіден – сарапшылық жұмыс өте қызықты, шығармашлыққа толы. Екіншіден – адамның дамуына әсері мол. Жас мамандарға зерттеудің әр түрін игеруге кеңес беремін. Өйткені сарапшылардың ғылыми талдауы мен қорытындысы, қазіргі сот процессінде негізгі айғақ ретінде қолданылады. Яғни, сот сараптамасы сот жүйесінің негізгі құрамы ретінде қоғамға әрқашан қажетті сала. Сол себепті үлкен өмірге қадам басқан жас отандастарымызға сот сарапшылық мамандығын таңдауды ұсынамын. 

- Сұхбат бергендеріңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы