- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Сапалы өнім міндетті түрде қымбат болмауы керек – кәсіпкер
Сапалы өнім міндетті түрде қымбат болмауы керек – кәсіпкер
Кез келген өндірістің табысты жұмыс істеуі, ең алдымен, адамдарға байланысты.
12 Наурыз 2026, 11:02
Қазақстанда тұрмыстық химия өндірісі біртіндеп дамып келеді. Нарықта импорттық өнімдер басым болғанымен, отандық кәсіпорындар да бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылып жатыр. EASY ғылыми-өндірістік компаниялар тобы – осы бағытта жұмыс істеп жүрген кәсіпорындардың бірі. BAQ.KZ тілшісіне EASY компаниясының сату жөніндегі топ-менеджері Кристина Хорошайло компанияның құрылу тарихы, өндіріс көлемі және алдағы даму жоспарлары туралы айтып берді.
– Компания қашан құрылды? Бастапқы кезеңде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
EASY ғылыми-өндірістік компаниялар тобы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда біз мұнай-газ саласына арналған өнімдерді әзірлеумен, су тазарту жүйелерімен және уран өндіру саласына қажетті химиялық өнімдермен айналыстық. Ал 2022 жылдан бастап жаңа бағытты қолға алып, отандық тұрмыстық химия өндірісін іске қоса бастадық. Компанияның негізгі мақсаты – сапалы өнімді қарапайым тұтынушыға қолжетімді ету болды. Біз әрқашан жоғары сапалы өнім міндетті түрде қымбат болуы тиіс емес деген қағиданы ұстанамыз. Сондықтан алғашқы кезеңде рецептураларды әзірлеуге көп уақыт бөлдік, түрлі формулаларды сынап көрдік және тұтынушылардың пікіріне ерекше мән бердік. Себебі өнімді жетілдіруде олардың кері байланысы маңызды рөл атқарады. Алғашқы уақытта белгілі бір қиындықтар да кездесті. Соның бірі – сапалы әрі қауіпсіз қаптама табу мәселесі болды. Қазақстанда талапқа сай тара табу оңай болмағандықтан, сенімді жеткізушілерді іздеуге біраз уақыт жұмсауға тура келді.
– Қазіргі уақытта кәсіпорында қанша адам жұмыс істейді?
Бүгінде біздің өндірісте 18 қызметкер еңбек етеді. Ең бастысы, олардың барлығы – жергілікті мамандар. Біз үшін жергілікті кадрларды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру маңызды. Себебі кез келген өндірістің табысты жұмыс істеуі, ең алдымен, адамдарға байланысты.
– Өндірістік қуаттылық қандай? Кәсіпорын қанша өнім шығарады?
Қазіргі уақытта кәсіпорында үш құю аппараты жұмыс істейді. Жақын арада қаптама өндірісін дамыту үшін арнайы үрлеу аппаратын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл логистикалық шығындарды азайтуға әрі қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, кәсіпорын жыл сайын шамамен 150 мың тонна өнім шығарады.
– Қандай тұрмыстық химия өнімдерін өндіресіздер?
EASY HOME брендімен шығарылатын өнімдердің ассортименті кең. Біз құбырларды тазартуға арналған құралдардан бастап, оттекті ағартқыштарға дейін түрлі өнімдер ұсынамыз. Нарықта ең көп сұранысқа ие өнімдердің қатарында кір жууға арналған гельдер, оттекті ағартқыштар, қақ кетіретін құралдар және сантехникаға арналған химиялық өнімдер бар. Қазіргі уақытта біз тұрмыстық химиямен қатар кәсіби қолдануға арналған химиялық құралдар мен автокөліктерге арналған өнімдер де шығарамыз.
– Компания мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдаланып көрді ме?
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастығымыз бар. Қазіргі таңда бұл жұмыс біздің үлестес компаниялар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, органикалық және бейорганикалық химия өндіретін «Epsilon Group» ЖШС және химиялық заттар шығаратын «Буртас» ЖШС жобалары осы қордың қолдауын пайдаланған. Олар субсидиялау мен кепілдік беру сияқты қаржылық құралдарға қатысқан.
– Шикізат қайдан жеткізіледі және өнім сапасы қалай бақыланады?
Өнім өндірісіне қажетті шикізат Қазақстаннан және Қытайдан жеткізіледі. Жалпы алғанда, қолданылатын компоненттердің шамамен 40–50 пайызы – отандық өнім, ал қалған бөлігі импорттық шикізатқа тиесілі.
Сапаны бақылау өндірістің барлық кезеңінде жүргізіледі. Шикізат қабылдаудан бастап дайын өнімді жөнелтуге дейін барлық технологиялық талаптар мен санитарлық нормалар қатаң сақталады. Сонымен қатар дайын өнім тұтынушыға жіберілмес бұрын қосымша тексерістен өтеді. Тұрмыстық химия өнімдері міндетті сертификаттаудан өтетіндіктен, барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, сәйкестікті растау процедурасынан өтеді.
– Нарықтағы бәсекелестік туралы не айтасыз?
Бүгінде тұрмыстық химия нарығында бәсекелестік өте жоғары. Нарықта көптеген отандық және импорттық өндірушілер бар. Сондықтан компаниялар тек сапалы өнім шығарумен шектелмей, оны үнемі жетілдіріп отыруы керек. Біз бәсекеде сапа мен қолжетімді бағаның үйлесіміне сүйеніп, тұтынушылардың сенімін ақтауға тырысамыз.
– Алдағы жылдарға қандай жоспарларыңыз бар?
Алдағы екі-үш жылда біз өндірісті кеңейтіп, өнім ассортиментін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар өнім рецептураларын жетілдіру жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, экспорт нарықтарына шығу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде біздің өнімдер Ресейдегі маркетплейстерде пайда бола бастады. Бұл сыртқы нарықтағы сұранысты бағалауға және брендті шетелдік тұтынушыларға таныстыруға мүмкіндік береді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Ең оқылған:
- "Өте жуас отбасы": Атыраудағы қылмысқа қатысты жаңа деректер шықты
- Мереке күндері жұмыс істегендерге екі есе ақы төленеді
- Әрбіріміз еліміздің тағдырына әсер ете аламыз – "Жаңа адамдар" Қозғалысының көшбасшысы
- Мәулен Әшімбаев: Жаңа сын-қатерлерді еңсерудің жасампаз жолы
- Атырауда 8-сынып оқушысы жараланды
Олжас АДАЙ