Шымкентте 100 мұғалімге қала әкімінің гранты берілетін болды. Бұл туралы BAQ.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласында білім беру жүйесінің сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және саланы заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2027 жылға дейін «Сапалы білім» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында білім сапасын мониторингтеу мен талдаудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, оқушылардың функционалдық, зерттеушілік және сыни ойлау дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, педагог мамандарға арналған арнайы конкурс жарияланып, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби дамуға ұмтылатын ұстаздарды қолдауға нақты мүмкіндік берілмек.
Конкурс қорытындысы бойынша үздік деп танылған педагогтерге Шымкент қаласы әкімінің арнайы 100 гранты табысталады. Гранттар мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибесін жетілдіруге және білім сапасын көтеруге бағытталады, - делінген хабарламада.
Бұл бастама ұстаз еңбегін бағалау, педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау және қаладағы білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге жасалған маңызды қадам болмақ.