Санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау қалыпты жағдайға айналуы тиіс – Ерлан Сайыров

15 Тамыз 2020, 12:17
1677
Бөлісу:
Санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау қалыпты жағдайға айналуы тиіс – Ерлан Сайыров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саясаттанушы Ерлан Сайыров санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау қалыпты жағдайға айналуы керек екенін айтты.

Коронавирус індеті біздің күнделікті өміріміз бен мәдени ортамызға үлкен өзгеріс әкелді. Бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық, мәдени және гуманитарлық салада үлкен өзгеріс болып жатыр. Енді адамдардың күнделікті өмірлерінде өзгеріс болуы керек. Халық коронавируспен бірге өмір сүруге бейімделуі қажет. Бұл не деген сөз? Бұл - әр адам санитарлық эпидемиологиялық шараларды сақтап, маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтай білуі керек деген сөз, - дейді Ерлан Сайыров.
Оның айтуынша, бұл шаралар біз үшін қалыпты жағдайға айналуы керек.
Егер қоғам мен билік осы шараларды сақтамаса - коронавирус індетін жеңе алмайды. Біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек: билік және халық. Күш біріктіргенде ғана коронавирусты жеңе аламыз. Індеттің екінші толқыны болуы мүмкін. Онымен әлем болып күресуге дайын болуымыз керек. Өкінішке қарай, бірінші кезеңде мемлекет те, қоғам да дайын болмады. Енді екінші толқынға мықтап дайындалуымыз керек. Үкімет халықты медициналық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, барлық инфрақұрылымды дайындауы керек, ал халық коронавирус індетінен қорғануға қатысты барлық ережені сақтауы тиіс, - дейді ол.

Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді.




Өзгелердің жаңалығы