Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

11 Қаңтар 2023, 16:25
3621
Бөлісу:
Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?
PHOTO

Қазіргі заман талабы-сәнді, әрі жарасымды киініп жүру. Қазір сәнді киінудің өзіндік бір бағыты пайда болғандай. Оның маңыздылығы уақыт өте артып келеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Әрі талғамға сай, әрі қолжетімді бағада киінудің қандай жолы бар? Қазіргі таңда нені кию керек, неден бас тартқан жөн? Осы және басқа да сұрақтар туралы креативті стилист Аида Айбарқызымен сұхбаттасқан едік. 

- Аида ханым, білуімше, сіздің мамандығыңыз сән саласынан алыс, мүлде басқа сала. Негізгі мамандығыңыз қандай? Сән әлеміне қалай келдіңіз? Өзіңіз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз? 

- Мен Атырау облысы, Құлсары қаласы, Жылыой ауданының тумасымын. Кішкентай кезімнен сәнге, шығармашылыққа жақын болдым, тіпті мектепте еркін киінуге рұқсат болмаса да, өзім киімдерімді басқаша келістіріп, киіп баратынмын. Жоғары оқу орнын «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірдім. Қызметтік жолымды Атыраудағы мұнай мекемесінде қаржы бөлімінен бастап, 10 жылдай қызмет еттім. Кейін отбасылық жағдайлармен Астанаға көшіп келдік. Сөйтіп жүргенде карантин уақытына тап болдық, шетелге шығуға мүмкіндік болмаған соң, жинаған білімімді толықтыра түсейін деп жергілікті сән маманынан «жеке стилист» курсын оқып алдым. Сәнге деген қызығушылығымды әлеуметтік желіде жариялай бастадым, яғни трендтегі түрлі киім үлгілеріне, әшекей бұйымдарға, маусымға арналған сәнді киімдерге шолу, бағыт-бағдар ұсынып отырдым. Осылайша әлеуметтік желіде сәнге қызыға қарайтын оқырмандар саны көбейе түсіп, таныла бастадым.

Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

- Өзім киімдерді үйлестіріп киюді өнер деп білемін. Идеяларды қайдан аласыз? 

- Негізінен маған идея көбінде стильге қатысты фильмдерді көру арқылы келеді десем артық болмас. Кейіпкерлердің киген киімдеріне аса зейін қойып қараймын. Сол сияқты стильге қатысты журналдарды оқимын, арнайы қосымшалардан өзгерістерді бақылап, үзбей қарап отырамын. Тіпті бала кезімде анамның тігін машинасын пайдаланып, үйдегі бар маталардан киімдер тігіп кие беретінмін.

- Сіз үшін сәнді киіну нені білдіреді? Кәсіби сәнгер (стилист) ретінде киім кию мәдениеті туралы не айтасыз?

- Мен үшін сәнді киіну – өмір сүру стилі, сән өмірімнің бір бөлігіне айналды. Өзім позитивті адаммын, түрлі-түстерді қолдану маған қиындық тудырмайды. Сәнге махаббатым арқылы өмірлік стилімді, бағытымды қалыптастырдым деп айта аламын. Мен киген киімім арқылы ішкі жан дүниемді жеткізгім келеді. Ішкі жан дүнием мен сырт келбетім үйлесімді болғанын қалаймын, сол себепті әр киген образымның өзіндік бір мағынасы бар.

- Стильде музаңыз бар ма?

- Жаңа айтып өткендей, маған идея жадымда сақталған бала кезімнен бері көріп, естіп, қызыға қарайтын атақты адамдардың киіну талғамынан келеді. Муза ретінде Одри Хепберн, Виктория Бэкхем, Дженнифер Лопес және т.б. сән саласында өзіндік орны бар атақты тұлғалар. Мысалы, байқасаңыз, мен орамалдарды, стильді тюрбандарды кигенді жақсы көремін. Оларды үйлестіріп киюде араб әлеміндегі ең сәнді және ықпалды әйел Шейха Мозаны қараймын. 

Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

- Шабытты қайдан аласыз?

- Оны барлық жерден табуға болады. Мен шабытты шығармашылық процесстен аламын. Табиғатқа шыққанда, сурет салуда, кітап оқуда, сәнге қатысты парақшаларды оқу арқылы шабыттанамын.

- Биыл қандай киім және қандай түс сәнде? Әлемдік нарықта қандай өзгерістер бар?

- Жыл сайын сәнді түсті анықтайтын «Pantone» атты түс институты бар. 2023 жылдың түсі ретінде қанық қызыл таңдалды. Осы маусымда 90-жылдардағы сән қайталанып жатыр: гранж, яғни ыңғайлылық бірінші орынға қойылған оверсайз стиліндегі киім үлгілері, эко-теріден жасалған киімдер, Denim стилі. Бұл сәннің өзі циклді, қайталанып отыратының дәлелі. Тіпті, сәнге әлемде болып жатқан саяси, әлеуметтік, табиғи жағдайлар әсерін тигізеді. Мысалы, әдемі дизайны бар экологиялық таза киімдерді өндіру, кейбір брендтер киімдерді артық өндірген жағдайда, оны шешу үшін сән брендтері қайта өңдеу бағдарламалары іске қосу принциптері бойынша жұмыс істеп жатыр. 

- Қоғамда қазақ әйелдерінің сәнге деген көзқарасы өзгергені байқалады. Олардың сұраныстары мен талғамына қатысты не айтасыз?

- Жергілікті брендтерге қолдау сезіледі. Ұлттық құндылықты дамыту бағытында түрленген нақышты киім үлгілерін киіп жүргендер арамызда көп. Қоғамда қазақ әйелінің көбі киімдерінде қазақша бір өзгешеліктің болғанын қалайды. Бұл, әрине, қуантады. 

Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

- Қазақи нақыштағы киімдер сәнге айналып, әлемдік сән-сахналарында көрсетіліп жүр. Мысалы, 2011 жылы күзде Парижде қазақтың ұлттық мұрасының элементтерін қамтитын Kenzo брендінің көктемгі топтамасының тұсаукесерінде шапан мен сәукеле таныстырылды. 2013 жылы 76 жастағы сәнгер Беатрис Ост Vogue журналына түскен суретте қазақтың ою-өрнегі бейнеленген жібек пен киізден тігілген шапан киген. Сіздің ойыңызша, заманауи ұлттық нақыштағы киімдерге сұранысты не тудырады?

- Елімізде орын алған резонанс тудыратын оқиғалар қоғамда жаңа көзқарас қалыптастырды деп ойлаймын. Өте ауыр кезеңдерді басымыздан кешірдік. Бірақ олардың жақсы әсерін де айтпасқа болмайды. Меніңше, осы жағдайлар ұлтқа, елге деген махаббатымызды арттырып, ұлттық құндылығымызға деген сүйіспеншілігімізді оятты, ол жаңа идеяларға, белестерге алып келді. Тұтастай алғанда, нарық сән бағыттарын құрметтеп қана қоймай, әртүрлі үлгідегі киімдерді жасауға дайын екеніне көзімізді жеткізді.

Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

- Неге көбіне отандық өнім қымбат келеді? Ерекше қолтаңбамен, дизайнерлердің жұмысына ұқсамайтын киім үлгісін дайындау қаншалықты қиын? 

- Тауар өндіру үшін қажетті шикізат өнімдері елімізде, өкінішке орай, жоқтың қасы. Кейбіреулерін шетелден алуға тура келеді. Ол жақта баға біздің бағамен сәйкес келмейді. Тиісінше өндірушілер мен жеткізушілерге байланысты қымбат бола түседі.

Сәнді киінудің құпиясы. Сәнгер не дейді?

- Болашақта жеке брендіңізді шығару ойыңызда бар ма? 

- Әрине, жоспарымда бар. Орта кеңейген сайын жаңа бизнес идеялар туындай түсетіні, рас. Болашақта барлық мүмкіндіктерімді пайдаланып, адамзаттың ішкі дүниесін бейнелейтін, заманауи трендтермен байланыстыра отырып, өзімнің сәнге деген көзқарасымды жеке брендім арқылы жеткізгім келеді. 

- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы