Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2011 жылдың 11 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 247 Қаулысымен Орталық Қазақстанның бірегей дала экожүйелерін сақтау мақсатында «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи бағы құрылды.
Бір сапарымызда жол түсіп, Бұйратау ұлттық паркінің Орман өртін сөндіру станциясының басшысы Санат Хасенов Жолдыбайұлымен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
Оның айтуына қарағанда аумақта орман өрті көп бола бермейді.
Қарағанды облысы мен Ақмола облысының түйіскен жерінде орналасқан Ұлттық парктің жер аумағы 89 мың гектарға жуық. Көбінде табиғи жағдайда өрт шығады. Найзағай түсіп, соның салдарынан тілсіз жау тұтанатын кездер болады. Биыл да бір рет орман өрті тіркелді. Онда да сол – найзағай түскен екен. Ал адам факторымен, қасақана өртеп жіберу оқиғалары тіркелген жоқ әзірге – дейді ол.
88 мыңнан астам гектар жерді бірнеше бөлім қызметкерлері қадағалайды. Мысалы жануарларды қорғаушылар, аумақтық инспекторлар, өрт қауіпсіздігін қадағалаушылар дегендей.
Менің қоластымда 2 жүргізуші, 2 тракторист, 8 өрт сөндіру қызметкері және диспетчеріміз бар. Үнемі бақылап, жазда атпен не мотоциклмен, қыста қармотоциклмен (снегоход) аралап, бақылап отырамыз – дейді өрт сөндіруші.
Әрине, "мен тек өрт қауіпсіздігіне ғана жауаптымын" деп жататын ешкім жоқ. Барлығының бақылағаны бір парк болғандықтан, қызметкерлер арасында ынтымақ күшті.
Құрылғанына көп бола қойған жоқ. 10 жыл деген мұндай ауқымды парк үшін көп уақыт емес. Артықшылығымыз да, жетіспеушілігіміз де көп. Мысалы, өрт сөндіру станциясының керек-жарақтары әлі де толыға қойған жоқ. Техникамен, өрт сөндіру құралдарымен толық жабдықталса, бәріміз үшін жақсы болар еді – дейді Санат Жолдыбайұлы.
Оның айтуына қарағанда өрт сөндіру станциясы орналасқан Алғабас ауылында әлі дұрыс телефон желісі де жоқ.
Өзіміз парк аумағында стационарлық телефон арқылы хабарласамыз. Яғни радио-телефонмен байланысқа шығамыз. Рация арқылы хабарласамыз. Әсіресе кезекшілік бақылауға шыққан инспекторлар рацияның көмегіне көп жүгінеді. Әзірге бұл аумақта одан басқа байланыс құралы жоқ – дейді өрт сөндіруші.
Ұлттық паркте 5 топқа және 15 тұқымдастарға жататын сүтқоректілердің 45 түрі бар. Паркке жаңадан 10 бизон жіберіліпті.
Біздің парк аумағында жиі кездесетін – арқар, бұлан, елік, марал, бұғы қатарлы қоңыр аңдар бар. Сонымен қатар, ұлттық паркте құстардың 230-ға жуық түрі бар. Әсіресе, Қазақстанның Қызыл кiтабына енген жалбағай, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, бүркіт, тазтырна, дуадақ, безгелдек, тарғақ, үкі сияқты құстардың 13 түрі кездеседі. Тіпті, Қызыл кітапқа енген шыбын-шiркейдiң 17 түрі бар – дейді Санат Хасенов.
Екі облыстың – Ақмола облысы Ерейментау ауданы (60814 га) мен Қарағанды облысы Осакаров ауданы (28154 га) аумағында орналасқан парк еліміздегі таулы-қыратты, орман-тоғайлы өңірді алып жатыр.
Соған қарамастан, парк аумағында заң бұзушылар, броконерлер көп болмайды. Ұлттық парк аумағын күзету мәселесі жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Заң бұзушыларға, броконерлерге заң қатал, айыппұл мөлшері де айтарлықтай молайды. Сол себепті де адамдар парк аумағына келмеуге, келсе де заң бұзбауға тырысады – дейді ол.
Оның айтуына қарағанда, аңшылық маусымы басталса да, заң бұзушылықтың екінші себебі – парк аумағынан аң аулауға қатаң тыйым салынғандығы.
Аңшылық маусымы басталғалы бері бізге ешкім келген жоқ. Себебі бізде аңшылыққа, парк аумағында мылтық атуға тыйым салынған. Сонымен қатар, аңшылық маусымы басталысымен инспектордың барлығы күндіз-түні күзетте жүреді. Бұл кезде парк қызметі күшейтілген режимге өтеді – дейді өрт сөндіруші.
Парк аумағындағы қоңыр аңдарға қысқы дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл тұрақты жасалатын жұмыс.
Марал, елік секілді аңдарға арнап шөп шауып, жапырақ жинаймыз. Оны арнайы жем-шөп алаңына жеткізіп, жинап қоямыз. Қыста, көктемде арықтаған, қар қалың болып жайылым таппай қалған қоңыр аңдар келіп сол жем-шөп алаңынан өздері жейді. Оның барлығына жағдай жасалған – дейді Санат Жолдыбайұлы.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, қыс қатты болған жылдары қоңыр аң топырлап қораға келіп алатыны болады.
Бізде ондай аязды қыс бола қойған жоқ қой. Парк құрылған он жылдан бері ауылға келген аң кездестірмеппін. Келмегені де жақсы. Ол да жұттың бір түрі ғой. Даладан тамақ тауып жей алмай қалған соң келеді, әйтпесе несіне келеді. Әрі жоғарыда айтқанымдай, инспекторлар өздері барып, жем-шөп алаңына жем-шөбін шашып, жапырақтарын тастап, өздері қадағалап жүреді – дейді Санат Хасенов.
Әңгіме ауаны парк қызметкерлері тұратын Алғабас ауылына қарай ойысты.
Алғабас ауылы парк аумағының ішінде орналасқан. Паркте жұмыс істейтін азаматтың барлығы осы ауылда тұрады. Бір кезде барлық жағдайы жасалған ауыл еді. Қазір оншақты-ақ түтін қалды. Биылғы пандемия кезінде қаладағының барлығы осы ауылға келді. Демалып, уақыт өткізді. Карантин алынғалы бері бұл ауылда да адам қалмай қалды – деп езу тартты станция бастығы.
«Бұйратау» ұлттық парк қызметкерлеріне мемлекет тарапынан ешқандай әлеуметтік артықшылық берілмеген.
Халықпен бірдей. Біз парк қызметкері болып, ерекше бір әлеуметтік мәртебе алмаймыз. Пандемия кезінде де қызметіміз тоқтаған жоқ. Ел қандай көмек алып, қандай салық төлеп жатыр, біз де тура сол жағдайдамыз – дейді Санат Хасенов.