Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен ұлттық халық санағы жүріп жатқаны баршаға белгілі. Бұл шара тек жалпы халықтың санын ғана емес, халықтың игілігін, жалпы мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды анықтауға бағытталған. Осы орайда демография магистрі, Карлов Университетінің докторанты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Аяулым Сағынбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Аяулым Зарлықанқызы, пандемия кезінде санақтың өткізіліп жатқанына кейбір жан күмәнмен қарап отырған сыңайлы. Расымен, дәл қазіргі сәтте бұл шара қаншалықты маңызды? Кейінгі мерзімге шегеруге болмас па еді?
– Әлемдік халық санағының раундтары онжылдықтың бастапқы мерзімінде өткізілетіні белгілі. Яғни, 2000, 2010, 2020-жылдары деген сыңайлы. Бүкілодақтық санақтар бұрын әлемдік раундтан ертерек өткізілген. Мәселен, соңғысы 1989 жылы болды, сәйкесінше, Егемен Қазақстанның алғашқы ұлттық санағы 1999 жылы өткізілді. Келесісі 2009 жылға сәйкес келді. Үшінші санақ 2019 жылы өткізілуі тиіс еді, алайда халықаралық нұсқаулықтарды сақтап, уақыт көшімен қатар жүру үшін үшінші халық санағы 2020 жылы өткізіледі деген шешім қабылданған болатын. Алайда 2020 жылы санақ өтетіндігін жоспарлаған уақытта дүние жүзінде коронавирус пандемиясы орын алатындығын ешкім білген жоқ. Сәйкесінше, өткен жылы кезекті санақты COVID-19 індетіне байланысты шегеру туралы шешім қабылданды. Алайда пандемияның әлі қанша уақытқа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Санақты кейінге шегере беру оны өткізудің қисындылығының, әдістемесінің бұрмаланауына алып келуі мүмкін. Үшінші кезекті ұлттық халық санағына келер болсақ, бұл жылы санақ екі әдіспен: онлайн-санақ және дәстүрлі тәсілмен, яғни, санақ парақтарын толтыру арқылы өтуде. Қағаз түріндегі санақ парақтарымен қатар, интервьюерлер планшетті де қолданады. Адамдар еркін түрде, Sanaq.gov.kz немесе Aitu мобильдік қосымшасы арқылы өздері онлайн-санақтан өтсе, интервьюерлер де келмейді. Бүгін 2 миллионнан астам қазақстандық онлайн-санақтан өткен. Барлық интервьютер тексерістен өткен, вакцина алған, санақтан өткізілетін халық үшін де, өздері үшін де барлық санитарлық талапты біледі. Халық неғұрлым көбірек онлайн-санақтан өтсе, интервьюерлерге де үйлерді аралау жүктемесі азаяды, бұл интервьюерлер мен халық үшін тәуекелді азайтады деп ойлаймын.
Халық санағы не үшін қажет деген негізгі сұрақтардың бірі – бізде egov секілді өзге де реестрлер бар. Халық санағының негізгі міндеті – халықтың жас ерекшеліктік саны мен этникалық құрылымын, де-факто қалыптастыру. Санақ арасындағы кезеңде реестерлерге сәйкес, бізде тек халықтың де-юре мөлшері қалыптасады. Біз әкімшілік дереккөздерде халықтың көші-қоны жасырын сипатқа ие екендігін білеміз. Бұл дегеніміз, егер азамат басқа елге көше отырып, тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыратындығын көрсетпесе, ол туралы хабарымыз болмайды. Санақтың негізгі міндеті – де-факто демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалыптастыру. Осы орайда азаматтар олардың жеке басының мәліметтерінің құпиялылығына қатысты алаңдамаса болады. Деректер толықтай қорғалған.
– Ал санақтың нәтижесі мемлекеттік саясат пен елдің әлеуметтік дамуы үшін не береді?
– Халық санағында қамтылатын мәселелер көп жағдайда ешқандай деректер базасында жоқ. Қазақстанда көптеген көрсеткіш тұрақты негізде қалыптаспайды. Халық санағын өткізу шеңберінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысы туралы деректер алынады. Бірінші кезекте, бұл халықтың жағдайын бағалау үшін қажет. Өйткені әлеуметтік сауалнамалар халықтың 100 пайызын қамтымайды, сәйкесінше, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық күйінің толық сипатын ұсына алмайды. Жалпы айта кететін жайт, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы деректерді жинау тек жеке тұлғалар үшін ғана емес, үй шаруашылығы үшін де әлеуметтік-экономикалық күйді бағалауда айрықша маңызға ие. Себебі жұмыс орындарын қалыптастыру, жұмыспен қамту және жұмыссыздыққа қатысты экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша саясаты мен бағдарламаны жоспарлау осы бағалаумен байланысты. Жалпы біз күнкөріс көзі туралы сұрайтын халық санағының аталған тұжырымдамасы жұмыс күші санының көрсеткіштеріне, жұмыспен қамтылу мәртебесіне, отбасы игілігінің сипаттамасы және жалпы кедейлік деңгейіне қосымша болып табылады. Сондықтан халық санағының маңыздылығы туралы айтқан кезде біз ағымдағы есеп пен халық санағы тұжырымдамалық тұрғыда ерекшеленетінін естен шығармаған жөн.
– Санақ парағындағы кейбір сұрақ қазақстандықтардың таңданысын тудыруда. Мәселен, үйіңіз қандай материалдан соғылған секілді сұрақтарға қатысты. Бұл сұрақтар қалай, қандай стандарттар немесе үлгілер бойынша құрастырылды?
– Жалпы барлық санақ парағы – бұл әр 10 жыл сайын толтырылатын стандартты санақ парақтары. Олар халықаралық нұсқаулықтарға сәйкес құрастырылған. Яғни Ұлттық статистика бюросы бұл сұрақтарды ойдан шығарған жоқ, олар халықаралық ұйымдардың нұсқаулықтарын толтырады. Иә, санақ парағындағы кейбір сұрақ кейбір азаматқа түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ санақ қорытындысы жүргізілген кезде бізде халықтың тұрғын үй туралы деректері, Қазақстандағы тұрғын үй қорының шынайы күйі туралы ақпараттар болады. Жауап беріп отырған адамның тұрғын үйінің тұрғызылған материалы туралы сұрақтар тұрғын үймен қамтамасыз етілуді анықтау мақсатында ғана емес, оның үйінің сапасын бағалау үшін де қосылған. Санақтың қорытындысы жүргізіліп, аналитикалық материалдар жарияланған кезде бұл сұрақтар өзінен-өзі болмайды. Бала саны туралы сұраққа қатысты да дәл солай. Бұл деректер елдегі бала тууды болжау үшін қолданылады. Ал ол болжамдар мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемесінің құрылысын, әлеуметтік қорғауды жоспарлау үшін қажет. Кейбір азамат өмір сүрудің шектелуі, яғни есту, көру, есте сақтау мен жүру қабілетіндегі шектеулерге қатысты мәселелерге наразылық танытып жатыр. Мұндай сұрақтар өткен санақта да қолданылғанын айта кеткім келеді. Мәселен, 2009 жылғы санақ парақшасында: «Сіз жүрген кезде, көру немесе есту, сөйлеуде қиындықты сезінесіз бе?» деген сұрақ болған. Бірақ өткен санақта бұл сұрақтар бөлініп қойылмағандықтан, қиындықтар бөлінісінде барынша нақты ақпарат алуға мүмкіндік бермеді. Өмір сүру қабілетіндегі қиындықтар 2021 жылы мүгедектік статистикасы бойынша Вашингтон тобының нұсқаулығымен санақ парақшасына қосылды. Санақ қорытындысы бойынша өмір сүруде қиындықтарға кездессе де, медициналық мекемелерге жүгінбеген, сол үшін ағымдағы статистикаға енгізілмеген тұлғалардың саны туралы деректер алынатын болады. Бұл әрі қарай ұлттық бағдарлама мен адам құқығы бойынша конвенциясы шеңберінде әрі қарай зерттеу жүргізуге таңдауды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлік жайт, санақта біз Қазақстанның этникалық тобының жас-жыныстық бөлінісіндегі деректерді алдық. Бұл өлім-жітім деңгейін, этностың құрамы мен жас ерекшеліктік құрылымын зерттеу, сондай-ақ жеке этностардың болжалды өмір сүру ұзақтығын, бала туудың жиынтықтық коэффициентін, этностардың қартаю деңгейін есептеу үшін қажет.
– Санақтың қорытындысын өңдеу қанша уақытты алады?
– Жалпы аталған санақтың нәтижесін өңдеу бұрынғыға қарағанда ертерек орын алады. Себебі қағаз санақ парақшаларын сканерлеу және деректерді цифрлық форматқа ауыстырудың қажеті жоқ. Барлығы цифрлық форматта болғандықтан, деректерді өңдеуге бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз уақыт кетеді. Бұл санақта ЖСН енгізу мен оны қолдану бұрын өткен халық санақтарынан ерекшелігі болып отыр. Мұның өзі жүргізілген сауалнаманың сапасын арттырып, қайталанулардың болмауына септігін тигізеді. Жалпы санақтан өтуші халық өзінің жеке мәліметтерін жоғалту болмаса, жария болып кетуден қорықпауы керек. Өйткені мұның бәрі жабық каналдар арқылы беріліп отырады.
Барлығыңызды халық санағына жаппай бір адамдай қатысуға шақырамын!
– Әңгімеңізге рахмет!