Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында карантин кезеңінде электрондық сауда-саттық айтарлықтай өсті. Жыл соңына дейін одан әрі ұлғаю күтілуде. Болжам бойынша, бөлшек саудадағы онлайн-сауданың үлесі үш есеге – 0,8%-дан 2,4%-ға дейін көтеріледі.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында электрондық сауданы дамыту мәселелері онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы облыста бөлшек сауда көлемі 8,1 млрд теңгені құрады. Карантин кезеңіндегі жағдайды ескере отырып, көптеген сауда үйлері мен қоғамдық тамақтандыру нысандары жабылуына байланысты жеткізу бойынша жұмысқа көшкен кезде, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек тауар айналымындағы үлесті 2,4%-ға арттыра отырып, электрондық сауданың кемінде үш есеге өсуі күтілуде - деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
2025 жылға қарай үлесті 10%-ға жеткізу міндеті қойылды, деп еске салды баяндамашы. 2019-2025 жылдарға арналған электрондық сауданы дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Құжат тұтынушыларды қорғау шараларын, бизнес үшін преференцияларды, қолдау инфрақұрылымын құруды көздейді.
Сондай-ақ азаматтарды цифрлық сауаттылыққа үйретеді. Карантин жағдайында курстар қашықтықтан https://digitalkz.kz/kursy/ сайтында өткізіледі.
Қарағанды облысында https://ba09.kz интернет-алаңы құрылды, онда онлайн-дүкендер мен қызметтерге сілтемелер ұсынылған.
Жыл басынан бері облыста қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бес есеге өсті. Статистикалық мәліметтер бойынша, бес айда ол 553 млрд теңгені құрады.
Электронды сауда көлемі өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оң фактор. Сауда көлеңкеден шығады. Бұл үрдісті қолдау керек. "Атамекен" палатасымен бірлесіп, бизнеске электронды алаңдарды игеруге көмектесу қажет. Халықтың сандық сауаттылығын арттыруымыз тиіс, - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.