Бұл туралы Дархан Қыдырәлі өзінің әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті еліміз үшін мерейлі мезеттің біріне айналғаны анық. Еуразиядағы ең ықпалды халықаралық ұйымның алқалы жиыны “Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу” деген тақырып аясында өтті.
Геосаяси жағдай ұшығып тұрған тұста ұйымның көпжақты серіктестікті нығайтудағы маңызы жылдан жылға арта түскені белгілі. Былтыр ұйымға Иран қосылса, биыл Беларусь мүшелікке қабылданды. Жаһан жұртшылығының жартысын қамтитын ұйым құрамына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2 тұрақты мүшесі (Қытай, Ресей), дүние жүзіндегі ең халқы көп 2 мемлекет (Қытай, Үндістан), 4 ядролық мемлекет (Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан), 3 БРИКС елі (Ресей, Үндістан, Қытай), G20-ға мүше 4 ел (Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия) және 1 НАТО мүшесі (Түркия) кіреді. Бұл елдерге әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігі және әлемдік сауданың 15%-ы келетінін айта кеткен жөн. Сондықтан Астана саммитіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутериштің арнайы келуі ұйымның беделі мен бәсін байқатып тұрғандай.Қазақстанның ұйымға төрағалығы ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, экология саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, мәдени-гуманитарлық байланыстар саласын дамыту бағыттарын қамтыды. Бұл ретте Мемлекет басшысының “үш зұлым күшпен” – трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен және киберқылмыспен күреске баса назар аударғаны белгілі, - дейді ол.
Сондай-ақ ол, саммитте “Шанхай ондығына” кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттар арасында қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыру, киберқауіпсіздікті күшейту, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-эконосикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту сияқты басымдықтарды атап айтқан Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне де арнайы тоқталғанын атап өтті.
Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс, – деді Президент.
Ол ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде 25 маңызды құжатқа қол қойылғанында тілге тиек етті.
Олардың арасында ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешім де бар. Бұл - іргелі ұйымның алдағы ұзақ мерзімді стратегиясын айқындайтын құжаттың Астанада айқындалғанын аңғартады. Сонымен қатар ұйымға Бас хатшы болып қазақ елінің азаматы, бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сайланды. Ел азаматтарының осындай беделі биік халықаралық ұйымдарға басшылыққа келуі - Қазақстанның абыройын арттыра түсері анық. Саммит екіжақты кездесулерге де мүмкін берді. Әсіресе Қытай-Ресей, Ресей-Түркия елдері басшыларының кездесулері туралы журналистер жарыса жазып жатты. Әсіресе Қытай мен Индия Сыртқы істер министрлерінің 50 жылдық шегара дауына шешім іздеуі - үлкен жетістік. Бұл да Астананың алпауыт елдер басшыларының кездесіп, келісулеріне жақсы платформа болғанын айғақтайды.Жалпы бұл жиын Еуразияның күрделі геосаяси және геоэкономикалық жүйесіндегі еліміздің мәртебесін одан әрі нығайтуға жасалған нақты қадам болды. Сондықтан Астана саммиті еліміздің жылнамасында ғана емес, ұйым тарихында да бір белес ретінде қалары анық, -деді Дархан Қыдырәлі.