Самат Дауленқанов: Көлден келетін ешқандай сел қаупі жоқ

25 Шілде 2023, 15:35
2604
Бөлісу:
Самат Дауленқанов: Көлден келетін ешқандай сел қаупі жоқ
Фото: «Қазселденқорғау» ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасы

Алматылықтарды су тасқыны алаңдатып отыр. Соңғы уақытта Алматы облысы мен Шымбұлақ демалыс орталығында су тасып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған еді. Осы ретте, өзендер мен көлдегі су деңгейін бақылауда ұстайтын «Қазселденқорғау» ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының басшысы Самат Дауленқановты әңгімеге тарттық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Маманның пікірінше, төтенше жағдай орын алмас үшін қызметкерлер өзен, тау суын үнемі бақылауда ұстайды. Сондай-ақ тікұшақпен және жаяу жүріп таудағы мореналық көлдердің жағдайын тексереді.

Су тасқыны нөсер жауынның тоқтаусыз жауғанынан және таудағы мұздықтардың еруінен пайда болады. Егер тасқын өзеннің жеке бір бөлігінде байқалса, онда бұл құбылыс ағыспен төмен қарай қатты шапшаңдықпен (жазық өзендерде – 5 км/сағ., тау өзендерінде 45 км/сағ.) таралады. Күшті тасқындардың салдарынан елді мекендерді су басуы мүмкін. Ағыны реттелген өзендер алқабында тасқын қауіпті болмайды. Бүгінде су тасқынын болдырмас үшін, тікұшақпен және жаяу жүріп таудағы мореналық көлдердің жағдайларын тексереміз. Барлығына батиметриялық түсірілім жасалады. Сол батиметриялық түсірілімдер арқылы көлдегі судың деңгейі мен мөлшерін анықтап, жарылып кеткен сәтте қай ауданды су басуы мүмкін екенін анықтап, алдын аламыз. Жалпы таудағы көлдер жердің астымен кетіп, жарылып кетуі мүмкін. Бөгетке дейін жетсе, жарылды деген сөз, – дейді «Қазселденқорғау» ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының басшысы Самат Дауленқанов.

Оның айтуынша, Алматы қаласында жарылып кету қаупі туындаған көлдер бар. Олардың деңгейлері 2-3 метрге дейін түскен. Бұдан бөлек, автоматты бақылау станциясы орнатылған. Құрылғылар ауа райы параметрлерін, көлдегі судың деңгейі мен температурасын өлшейді. Сонымен қатар арнайы камера суреттер жолдап отырады.

Самат Дауленқанов: Көлден келетін ешқандай сел қаупі жоқ

Жалпы, Алматы тауларында үлкенді-кішілі 51 көл бар. Оның ішінде, осы 2023 жылы жарылып кету қаупі бар 6 көлдің деңгейлерін түсіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта көлден келетін ешқандай сел қаупі жоқ. Көлдердің барлығы өзінің апатты жарылып кету қаупінен 2-3 метр төмендеді. Барлық көлге қуаттылығы секундына 4 литр су соратын жақсы насостар мен сифондық құрылғылар орналастырған, – дейді «Қазселденқорғау» ММ Алматы пайдалану-техникалық басқармасының басшысы.

Маман жаңбыр жауып, күн райы бұзылған сәтте тұрғындарға ескерту хабарламасы жолданатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мореналық көлдердің жағдайы бірқалыпты екенін атап өтті. 

Алматы қаласының аумағы арқылы 4 ірі өзен ағып өтеді. Олар - кіші Алматы, Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай өзендері. Осы өзендерде су тасқыны орын алуы мүмкін. Сол себептен біз бұл аймақты үнемі қадағалауға аламыз. Жаңбыр жауған сәттерде қала тұрғындарына су тасуы мүмкін деген хабарлама жолдаймыз. Алматы қаласы төңірегіндегі мореналық көлдердің жағдайы бірқалыпты. Көлдердің деңгейі туралы біздің мамандарымыз бен мердігер компания қызметкерлерінің көмегімен күнделікті ақпарат алып отырамыз. Алматы қаласы аумағында 20 маусымдық бекет қойылды, оның 11-і уақытша, 9-ы тұрақты. Ол бекеттер өзен-көлдегі су деңгейін анықтап, бізге хабар беріп отырады. Біз орналастырған сифондар тауда үнемі қалады. Айына 4-5 рет тікұшақпен бақылау жүргізіледі. Көлдер теңіз деңгейінен 3400-3600 метр биіктікте орналасқан, – дейді Самат Дауленқанов.

Самат Дауленқанов: Көлден келетін ешқандай сел қаупі жоқ

Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:

1. Таудағы жағдай туралы хабарламаны ұдайы қадағалаңыз.
2. Сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса, жылдам кетіңіз.
3. Сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз.
4. Тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма түсуі мумкін.
5. Сел араларымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болуы тиіс.
6. Сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз.

Еске салайық, Тұйық-Су Альпі лагерінің маңында Кіші Алматы өзенінде табиғи апат болды – сел жүріп, жаяу жүргіншілер көпірі қирады. Су қабылдағыш істен шықты. Соның салдарынан Шымбұлақта су беру тоқтатылып, тау курорты жабылған болатын. Бұдан бөлек сол маңдағы қауіпті аймақтан 150 адам эвакуацияланды. Қазір Алматы тауларында жағдай тұрақты және Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Морена көлдерінің тасу қаупі жоқ.

Өзгелердің жаңалығы