Астана, BAQ.KZ. Қазақстандық актриса Самал Еслямова Гонконгта өткен Азия киноакадемиясында (Asian Film Awards Academy) «Азияның үздік актрисасы» сыйлығына ие болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбук парақшасында жазды.
«Жаңа ғана режиссер Сергей Дворцевойдан керемет жаңалықты естідім. Гонконгта өткен Азия киноакадемиясында (Asian Film Awards Academy) Самал Еслямова «Азияның үздік актрисасы» сыйлығына ие болды», - деп жазды министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Asian Film Awards Academy - «азиялық Оскар» саналады. Азия киноакадемиясы номинанттардың тізімін 11 қаңтарда белгілеген.
«Бұл өте ірі жетістік. Шығармашылық команданы шын жүректен құттықтаймын!», - дейді министр.
Еске сала кетсек, Самал Еслямова былтыр 71 Канн кинофестивалінде ең үздік әйел образына ие болған болатын. Актриса ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдаған.