Самұрық-Қазына елорданың дамуына атсалысады

25 Қыркүйек 2019, 18:10
2047
Бөлісу:
Самұрық-Қазына елорданың дамуына атсалысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі. 

Екі тарап елордада бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын талқылады.

Меморандумдағы 9 бағыттың ішіндегі маңызды келісімнің бірі елорданы газдандыру мәселесіне қатысты болды. Нұр-Сұлтан қаласына дейін тартылатын «Сарыарқа» республикалық газ құбырының құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландырғаны белгілі. Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтитын құбыр жақын арада қалаға тапсырылады.

AI9I4884.jpg

«10 қазан күні «Сарыарқа» газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталады. Қала үшін қажетті жұмыстардың бәрін аяқтау оңай шаруа емес екенін білемін. Бұл мәселе өте өзекті, сондықтан, қазірден бастап, тығыз да өзара тиімді жұмыс істеу керек», - деді меморандумға қол қою кезінде «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Жалпы, меморандумда 9 бағыт, атап айтсақ, елордаға газ тарту, электронды сауда, Smart city жобасы, сатып алулар, әлеуметтік сала, импортты алмастыруды дамыту, электронды сауда мен пошта желілерін дамыту, жастарды қолдау мен HR саласын дамыту бағыттары.

Кейбір бағыттарға толығырақ тоқталсақ, Smart city, яғни, «ақылды қала» жобасы Нұр-Сұлтан қаласын жаңа технологияларға сай дамытатын жоба. Осы бағдарламаның аясында 2019-2020 жылдары «Самұрық-Қазына» қала бойынша 6 000 және тұрғын үйлердің кіреберістерінде 3000 бейнебақылау камерасын орнатады. Сондай-ақ, электронды сауда мен пошта желілерін дамыту үшін 2019 жылы 8 франчайзинг нүктесін, ал, 2020 жылы осындай 12 нүкте мен сәлемдемелерді тарататын 200 автоматты пункт ашу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды бағыттың бірі - қалада импорт алмастыруды дамыту. Яғни, жергілікті үлесті арттырып, импортты азайту. Қор ұзақмерзімді келісімшарттар арқасында Нұр-Сұлтан қаласында жаңа өндірістерді ашуға қолдау білдіреді.

Өз кезегінде, елорда әкімдігі жаңа өндірістер құру бойынша жобаларды, оның ішінде МЖС арқылы 1,6 млрд. теңге көлемінде іріктеуді қамтамасыз етеді. Жаңа өндіріс ашу үшін бас-аяғы 1,6 млрд теңге бөлінгені айтылып отыр. Бұнымен қоса, «Самұрық-Қазына» қордың компаниялар тобы қаладағы кәсіпкерлерден қызметтер мен тауарларды сатып алу үлесін арттырмақ. 2019 жылы Қордың сатып алулары арқылы елордалық кәсіпкерлер 380 млрд. теңге табыс тапты.

Жалпы, кездесу кезінде «Самұрық-Қазына» басшысы Ахметжан Есімов елордаға деген мақтанышын білдіріп, қаланың гүлденуіне тілек білдірді. Қор өз тарапынан қаланың әлеуметтік саласындағы мәселелерді шешуге де атсалысады. Жетімдерге көмек көрсету, сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру мәселелеріне ерекше назар бөлінеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетикалық спорт кешені мен қазақ драма театрының құрылысы үшін Қор 58 млрд теңге бөлген.


Өзгелердің жаңалығы