Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару негізгі борышты толық төлеу кезінде жүзеге асырылатын болады.
"Өсімпұлды шегеру үшін негізгі салық қарызын төлесе болды. Ол үшін ешқайда барып, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Негізгі берешек төленгеннен кейін 3 күн ішінде өсімпұл автоматты түрде шегеріледі. Біздің мамандар әрбір салық төлеушінің дерегін күн сайын тексеріп отыр", - дейді Жайдар Іңкәрбаев.
Сондай-ақ, берешек өсімпұлының шегерілгеніне көз жеткізу үшін салық төлеушінің жеке кабинетіне өтіп білуге болады. Егер салық төлеуші осы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет. Соның негізінде артық төленген сома өтініш берушінің атындағы есепшотқа аударылады.
Айта кетейік, осы жылдың 4 шілдесінде мемлекет басшысы қол қойған салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін заң шеңберінде қаржы министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылық жүргізу ережесі бекітілу кезеңінен өтуде.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев салық борышы бар жеке тұлғалардың басым бөлігі оңтүстік өңірден екенін атап өтті.