Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді қашан төлеу керек?

19 Ақпан 2022, 16:09
1962
Бөлісу:
Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді қашан төлеу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төлеу мерзімдеріне қатысты түсініктеме беріп, салықты кешіктірудің салдары неге әкеліп соғуы мүмкіндігін айтты.

Көп жағдайда кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс жасап, салықтары мен әлеуметтік төлемдерін төлеу мерзімдерінен қателесіп жатады. Бұл қателіктері өсімпұлдың есептелуіне әкеліп соғуы мүмкін. 

Өздеріңізге белгілі, ҚР Салық кодексінің 688-бабына сәйкес, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер орналасқан жері бойынша салық органдарына оңайлатылған декларацияны (910-нысан) есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді. Негізі, салық кезеңі жартыжыл болып табылады. Осыған сәйкес салық есептілігін ұсынумен қатар есептелген әлеуметтік төлемдерді жарты жылда бір рет төлеу деректері жиі орын алып отыр. Ал бұл өз кезегінде қолданыстағы заңнамалардың нормаларын бұзу болып табылады, - деп атап өтті ведомство өкілдері. 

«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңдарына сәйкес әлеуметтік төлемдер табыс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді. Яғни  әлеуметтік төлемдер ай сайын төленуі шарт. 

Тиісінше, әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлемегені үшін әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі және банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға әкеліп соғады.

Осыған байланысты, ведомство әлеуметтік төлемдерді мерзімінде төлеуге шақырды. 

Өзгелердің жаңалығы