Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Салық режимі өзгерді: 2026 жылы бизнеске не істеу керек?

Бүгiн, 07:30
129
Бөлісу:
 @BAQ.KZ-тің коллажы
Фото: @BAQ.KZ-тің коллажы

Қазақстанда Салық кодексінің жаңа нормалары күшіне енді: бұдан былай жеті арнаулы салық режимінің орнына үшеуі ғана қалды. Кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін ресми түрде растауы керек, әйтпесе артық төлем төлеуі мүмкін. Өзгерістер бизнестің жұмысына, бухгалтерлік қызметтер нарығына қалай әсер ететінін және кодекстегі қай нормаларға назар аудару қажет екенін BAQ.KZ тілшісі сарапшылардан сұрап білді.

Бухгалтерлерге сұраныс

Жаңа Салық кодексі үш арнаулы: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа және фермер қожалықтары үшін салық режимін қарастырады.

R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі көптеген параметрі бойынша бұрынғысынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан әсіресе шағын компанияларға қиынға соғуы ықтимал, өйткені олардың көбінде штаттық бухгалтер жоқ.

Сарапшы осыған байланысты бухгалтерлік қызметтерге сұраныс артуы мүмкін деп есептейді.

Бизнеске бейімделу оңай болмайды, әсіресе штаттық бухгалтер ұстауға мүмкіндігі жоқ шағын компаниялар үшін қиынға түсуі ғажап емес. Сондықтан бухгалтерлік қызметтерге сұраныс өседі. Кәсіпкерлердің бухгалтерлік сүйемелдеуге жұмсайтын шығындары да артуы мүмкін, – деді Байғанов.

Жалпы алғанда, сарапшының пікірінше, бұл өзгерістерді барынша ыңғайлы деу қиын. Өйткені кәсіпкерлердің бір бөлігі бос уақыттың тапшылығынан немесе ақпараттың жетіспеуінен есепке уақытында тұра алмай қалуы немесе режимді дер кезінде таңдап үлгермеуі ықтимал. Дегенмен жұмыс істеп тұрған бизнес, әдетте, тез бейімделеді.

Маманның айтуынша, ең үлкен тәуекелдер ауылдық жерлерде байқалады: көп адам есепті аутсорстағы бухгалтерлер арқылы жүргізеді де, жаңалықтарды әрдайым жедел қадағалай бермейді. Соның салдарынан мұндай салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге өтіп кетуі мүмкін. Бұл салық жүктемесі мен төлемдердің артуына әкеледі.

"Оңайлатылған" режимнің тәуекелдері

Салық кеңесшісі Айдар Масатбаев "оңайлатылған" режим реформадан кейін де шағын бизнес үшін ең түсінікті әрі сұранысқа ие режимдердің бірі болып қала беретінін айтады. Алайда оның сөзінше, жаңа ережелер бұл режимнің нарықтағы рөлін өзгертеді: жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компаниялармен жұмыс істегенде кәсіпкерлерге қосымша шектеулер мен тәуекелдер туындауы мүмкін.

Бұл режимді қолданатын кәсіпкер толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады, салықты валдық табыстан бекітілген мөлшерлемемен есептейді және есептілікті оңайлатылған қалыпта тапсырады. Дәл осы модель ұзақ жылдар бойы шағын бизнестің заңды айналымға жаппай тартылуын қамтамасыз етті.

Алайда салық заңнамасының жаңа редакциясында оңайлатылған декларация жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компаниялармен іскерлік байланыс тұрғысынан "бейтараптығын" біртіндеп жоғалтып барады. Негізгі мәселе B2B сегментінде, яғни әртүрлі салық режимдерін қолданатын субъектілердің өзара іс-қимылында көрінеді, – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, мәселе мынада: жалпыға бірдей белгіленген режимдегі (ЖБР) компаниялар үшін арнаулы режимдегі контрагенттермен жасалған операциялар бойынша шығындар көп жағдайда не шектеледі, не экономикалық тұрғыдан тиімсіз болады.

Сондықтан ЖБР-дегі компаниялар оңайлатылған декларациядағы кәсіпкерлерден сатып алуды айналып өтеді, өйткені мұндай операциялар олардың салықтық позициясын нашарлатады. Бұл әсіресе жарнама, маркетинг, дизайн, IT, клининг және басқа да салаларда айқын байқалады. Бұл бағыттарда шағын бизнес дәстүрлі түрде арнаулы салық режимінде жұмыс істеп келді.

Сарапшының айтуынша, оңайлатылған декларация жаңа салық шындығында да шағын бизнеске ыңғайлы режим ретінде қалып отыр: ең алдымен мөлшерлемелер мен есептілік тұрғысынан алғанда тиімді. Бірақ сонымен бірге оның жүйелік кемшілігі де анық байқалады: бұл режим кәсіпкерлердің B2B айналымына толыққанды қатысуын қиындатады.

Шығындарды тану тәсілдерін қайта қарамай және режимдер арасындағы теңсіздікті бейтараптандырмай, бұл режим шағын бизнесті дамытудың әмбебап құралы болудан қалып, тек жеке тұлғалармен ғана жұмыс істеуге арналған тар шеңберлі форматқа айналып кету қаупі бар, – деді сарапшы.

Қай режим ыңғайлы?

BAQ.KZ тілшісінің "Бизнес үшін ең ыңғайлы салық режимі қайсы?" деген сұрағына бизнес-трекер Геннадий Ким жауап берді. Оның айтуынша, таңдау бизнестің ерекшелігіне байланысты.

Егер кәсіпкер негізінен жеке тұлғалармен жұмыс істесе және бөлшек саудамен айналысса немесе қызмет көрсетсе, көп жағдайда оңайлатылған режим қолайлы болады.

Ал егер бизнес негізінен жалпыға бірдей белгіленген режимдегі (ЖБР) ірі корпоративтік клиенттермен жұмыс істесе, кәсіпкерге де ЖБР-ге өткен тиімдірек болуы мүмкін.

Иә, ЖБР-де салық жоғары, әкімшілендіру күрделірек. Бірақ егер бизнес негізінен ЖБР-дегі корпоративтік тапсырыс берушілерге сүйенсе, онда көбіне дәл осы режим ыңғайлы болып шығады. Әрине, бәрі клиенттермен келісімдеріңізге және мәмілелер құрылымына байланысты, – деді Ким.

Сарапшылар кеңесі

Айдар Масатбаев салық режимін таңдауды мөлшерлемені салыстырудан бастамауға кеңес береді: режим – ең алдымен клиенттермен жұмыс моделі мен есеп жүргізуге қойылатын талаптар, жай ғана "пайызы төмен" деген өлшем емес. Ол әуелі өз қызметіңіздің форматын адал анықтауды ұсынады.

Егер әңгіме штатсыз, ауқымын кеңейту жоспары жоқ жеке еңбекті сатуға қатысты болса, көбіне өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим қауіпсіз болады. Егер клиенттердің негізгі легі жеке тұлғалар болса, оларға әдетте "оңайлатылған" режим лайық. Ал негізгі тапсырыс берушілер ЖБР-дегі корпоративтік клиенттер болса, олардың салықтық шегерім қажеттілігін алдын ала ескеріп, мүмкін болса жалпыға бірдей белгіленген режимге өтуді жоспарлаған жөн.

Сондай-ақ сарапшы режимдер арасында қолдан "өтпелі" схемалар құруға және шешімді соңғы сәтке қалдыруға болмайтынын ескертеді: 2026 жылдан бастап хабарлама беру мерзімдері қатаңдайды, ал кешігу кәсіпкердің автоматты түрде ЖБР-ге ауысуына әкелуі мүмкін. Оның айтуынша, басты қағида – режимді ең төмен мөлшерлеме үшін емес, тәуекелсіз, клиент жоғалтпай, тыныш жұмыс істеу үшін таңдау.

Кәсіпкер әрі бизнес-трекер Геннадий Ким  ең қолайлы режимді таңдау үшін кәсіпкер алдымен негізгі бастапқы деректерді түсініп алуы керектігін ескертті. Яғни клиенттердің басым бөлігі кімдер және қызмет түрі 2026 жылы «оңайлатылған» режимде жұмыс істеуге қойылатын шектеулерге сай келе ме, жоқ па, соның ара-жігін ажыратып алу маңызды.

Оның айтуынша, егер кәсіпкер әрі жеке тұлғалармен, әрі заңды тұлғалармен жұмыс істесе, шешімді түсім құрылымына қарай жеке қабылдау керек. Мәселен, айналымның негізгі бөлігі (шамамен 70%) жеке тұлғалардан түссе, "оңайлатылғанды" сақтап қалған дұрыс. Ал ЖБР-дегі корпоративтік клиенттермен келісуге тырысуға болады: олар үшін мұндай шығындарды шегерімге жатқызудың мүмкін болмауын өтеу мақсатында жеңілдік немесе басқа шарттар ұсынуға болады.

Ал егер табыстың негізгі бөлігін ЖБР-дегі корпоративтік тапсырыс берушілер қалыптастырса, барлығымен бірдей келісу оңайға соқпайды: мұндай клиенттер өз жеткізушісінің де жалпыға бірдей белгіленген режимде болғанын қалайды және режим ауыстыруды талап етуі мүмкін. Бұл жағдайда ЖБР-ге өту – ең ықтимал сценарий.

Өзгелердің жаңалығы