Жақында Үкімет қосымша құн салығын 12%-дан 20%-ға дейін көтеруді ұсынды. Қазір бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. “Dasco Consulting Group” ЖШС серіктесі Тахир Аслялиев ҚҚС мөлшерлемесі және оның экономикаға әсері жайында BAQ.KZ тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
Baq.kz: Қазіргі таңда Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі қандай және ол ел экономикасына қаншалықты сәйкес келеді?
Тахир Аслялиев: Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Үкіметтің ұсынып отырғаны тек ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі емес, кешенді салық реформасы екенін түсінуіміз керек. Бұл реформа ҚҚС мөлшерлемесінен бөлек, бірқатар басқа да маңызды өзгерістерді қамтиды.
Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшерлемесі 12%-ды құрайды. Бұл біздің экономикалық жағдайымызға сәйкес келе ме? Шынын айтсақ, мүлдем сәйкес келмейді. Қазақстандағы бұл мөлшерлеме әлем бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Сондықтан оның көтерілуі сөзсіз қажет, тіпті оны бұған дейін де жасау керек еді.
Алайда, мәселе мөлшерлеменің қаншалықты көтерілуінде. Президент 12%-дан 20%-ға дейінгі өсім тым жоғары екенін атап өтті. Бірақ Үкіметтің ұстанымын да түсіну қажет. Олар жоғары мөлшерлемемен ұсыныс жасап, белгілі бір сауда кеңістігін қалдырды. Нәтижесінде, қазіргі талқылау – ҚҚС-тың стандартты мөлшерлемесі қандай болуы керектігі және оның әртүрлі салаларда қалай саралануы тиіс екендігі жайында өрбуде. Бұл үшін нақты экономикалық есептеулер қажет.
Қазіргі кезде көптеген адамдар Өзбекстанды мысалға келтіріп жатыр. Олар 2023 жылы ҚҚС мөлшерлемесін біздікі сияқты 12%-ға дейін төмендетті және біздің талқылап жатқан салық реформамыз аясында Өзбекстан президентінің жарлығымен бұл мөлшерлеме 2028 жылға дейін сақталатын болып бекітілді.
Бірақ мынаны түсінуіміз керек: 2023 жылдан 2028 жылға дейін Өзбекстандағы 12%-дық ҚҚС мөлшерлемесі тек 5 жыл ғана қолданылады. Ал Қазақстанда бұл мөлшерлеме 2009 немесе 2010 жылдан бері күшінде. Яғни, бізде 15 жылдан астам уақыт болды.
Сондықтан біз Өзбекстанға қарап, өзіміз үшін шешім қабылдаудың мәні жоқ. Оның үстіне, 2028 жылы Өзбекстан бұл шешімнің нәтижелерін талдайды және жағдайға қарай ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарастырады: олар оны сол деңгейде қалдыруы мүмкін, егер салық түсімдері азайса – көтеруі мүмкін немесе тіпті төмендетуі де мүмкін. Бірақ бұл олардың өз шешімі болады. Әр ел салық саясатын өзінің экономикалық жағдайына қарай реттеуі керек.
Қазақстанға келсек, біз де өзіміздің жағдайымызға қарай шешім қабылдауымыз қажет. Біз ҚҚС мөлшерлемесін міндетті түрде көтеруіміз керек. Себебі біздің төмен салықтық мөлшерлемелеріміз (ҚҚС, КТС, ЖТС және т.б.) мемлекеттік кірістердің шығындардан әлдеқайда артта қалуына алып келді. Бұл өз кезегінде бюджет тапшылығын тудырып, мемлекетке экономикалық өсуді қамтамасыз ететін бастамаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қазақстанда “даму бюджеті” жалпы бюджеттің небәрі 8-9%-ын құрайды, ал бұл әлемдік орташа деңгейден (шамамен 20%) екі-үш есе төмен.
Қазақстандағы ҚҚС-тың тағы бір мәселесі – оның жиналу деңгейі өте төмен. Егер ол төмен болса, онда бұған не себеп? Бұған біздің елде қолданылатын салықтық жеңілдіктердің көптігі себеп болып отыр. Қазақстандағы салық жүйесі тым либералды, ашық айтқанда. Қазіргі уақытта, біздің түсінуімізше, министрлік 128 салықтық жеңілдікті алып тастауды ұсынды. Бірақ, бәлкім, бұл тізімді қосымша қайта қарау қажет болады. Мүмкін, кейбір тармақтарды қосу немесе кейбірін алып тастау керек шығар. Басты ой – 128 жеңілдікті жою жеткіліксіз болуы мүмкін. Оларды одан да көбірек алып тастау қажет шығар. Қазір елде 300-ден астам, тіпті 400-ге жуық салықтық жеңілдік бар сияқты. Бірақ бұл жерде қателесуім де мүмкін.
Салық реформасының кешенділігіне қатысты тағы бір маңызды мәселе бар. Ол тек ҚҚС мөлшерлемесі мен есепке алу шегіне ғана емес, сонымен қатар бөлшек сауда салығына да қатысты.
Үкімет қазір Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) бойынша бөлшек сауда қызметіне жатқызылған қызмет түрлерінің санын 364-тен 40-қа дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл жерде сұрақтар туындайды. Бұл мәселеге мұқият қарау керек. Мүмкін, бөлшек сауда салығына жататын Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші түрлерін 40-пен шектемей, көбірек қалдыру қажет болар.
Ең бастысы, бөлшек сауда салығы тек B2C (бизнес-тұтынушыға) секторында жұмыс істейтін қызмет түрлеріне қолданылуы керек. Яғни, тікелей халықпен жұмыс істейтін қызметтерге. Бұл фитнес-орталықтар, шаштараздар, мейрамханалар, кинотеатрлар, бөлшек сауда дүкендері және тағы басқалар.
Baq.kz: Мемлекет ҚҚС-ты көтеруден қанша табыс табады деп болжанып отыр? Бұл ел экономикасына қаншалықты көмектеседі?
Тахир Аслялиев: Үкіметтің мәлімдемесі бойынша, бұл өзгеріс жылына қосымша 5-7 трлн теңге әкеледі деп күтіліп отыр.
Дегенмен, осы 5-7 триллион теңгенің бір бөлігі бюджетке түссе, оның бір бөлігі қайтадан бюджеттің өзі арқылы жұмсалатынын түсіну маңызды. Нақтырақ айтсақ, бұл қаражаттың белгілі бір бөлігі ҚҚС-тың өсуіне байланысты шығындарды өтеуге бағытталады. Бұл салық реформасының бір бөлігі әлеуметтік салықтың және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының алынып тасталуына байланысты еңбекақы қорына жүктемені азайтуды көздейді. Осыған байланысты, бюджет кірісінің белгілі бір бөлігі азаяды.
Сонымен қатар ҚҚС-тың өсуі инфляция деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Дәл бағалау қиын, әртүрлі болжамдар бар. Ең төменгі көрсеткіш 3-4% деп айтылып отыр, ал кейбір сарапшылар инфляцияның жоғары қарқынмен өсіп кетуі мүмкін екенін болжайды. Меніңше, инфляция шамамен 6%-ға өседі.
Осы 6%-дық өсімге байланысты бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын индекстеу қажеттілігі туындайды. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе – мемлекетке жаңа салық түсімдері ауадай қажет, себебі оның әлеуметтік міндеттемелері үнемі артып келеді. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, ал бюджет шығыстарының айтарлықтай бөлігі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады, оларды қысқарту қиын.
Ал енді сіздің “бұл экономикаға қаншалықты көмектеседі?” деген сұрағыңызға келсек, алдымен бұл бюджетке қаншалықты көмектесетініне тоқталайық. Әрине, бюджетке бұл қаражат қажет. Неліктен? Өйткені қазіргі таңда бюджет тапшылығы Ұлттық қор есебінен жабылуда, ал қордан алынатын қаражат оның табыстарынан асып түседі.
Яғни, шын мәнінде, біз болашақ ұрпақтың жинақтарын жұмсап жатырмыз, бұл мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Егер экономиканың қазіргі жағдайы сақталса және салық мөлшерлемелері төмен күйінде қалса, Ұлттық қордағы қаражат 10-15 жыл ішінде таусылуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.
Екіншіден, бұл қаражат мемлекеттік қарызды өтеуге де жұмсалады. Соңғы уақытта үкімет қарыз алу көлемін арттырып келеді. Оның үстіне, бұл өсім қарыз алу құны жоғары болып тұрған кезеңде болып отыр. Қазақстандағы қарыз алу мөлшерлемесі өте жоғары, ал мемлекеттік қарыздың басым бөлігі ішкі нарықта алынған несиелерден тұрады.
Соған байланысты мемлекеттік қарыздың өсуімен бірге бюджет шығыстарының едәуір бөлігі осы қарызды өтеуге жұмсалады. Бұл өз кезегінде экономиканың дамуына кері әсер етеді, өйткені бюджеттік ресурстар қарызды жабуға кетіп, дамуға қажетті қаражат жетіспей қалады.
Ел экономикасын дамыту туралы айтқанда, екі негізгі бағытты атап өтуге болады. Біріншіден, жаңа салық түсімдері инфрақұрылымды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл – коммуналдық инфрақұрылым, оның ішінде жылу жүйелері, су бұру, су және электрмен жабдықтау. Бұл салаларда тозу деңгейі өте жоғары, мұны біз жиі болатын апаттардан байқаймыз. Кейде тұтас қалалар жылусыз қалып жатады.
Осы мәселені шешуге қаржы қажет. Бұл – даму бюджетінің бір бөлігі. Сондай-ақ, автомобиль және темір жолдардың жағдайын жақсарту керек.
Екіншіден, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту қажет. Қазақстанда демографиялық өсім жоғары, балалар саны қарқынды түрде артып келеді. Бұл дегеніміз, елге көптеп балабақшалар, мектептер, білім беру мекемелері қажет. Олардың барлығы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, ал бұл орасан зор қаражатты талап етеді.
Baq.kz: ҚҚС-тың көтерілуі шағын және орта бизнеске қалай әсер етеді? Бұл кәсіпкерлер санының азаюына әкелуі мүмкін бе?
Тахир Аслялиев: ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің өзі аса үлкен мағынаға ие емес, егер бұл өзгеріспен қатар ҚҚС-тың шын мәнінде жанама салық болуына жағдай жасалмаса. Біздегі басты мәселе – ҚҚС-тың айналым салығына айналып кетуі және оны есепке алу механизмі дұрыс жұмыс істемеуі.
Қазіргі таңда кәсіпорындардың ҚҚС бойынша есепке алу мүмкіндігі жоқ, бұл үлкен проблема. Осыған байланысты үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынылып отыр. Бұл жағдайда әрбір кәсіпорын ҚҚС-ты есепке алу мүмкіндігіне ие болады.
Қазір ірі кәсіпорындар ҚҚС төлемейтін шағын бизнес субъектілерімен жұмыс істегенде, олар есепке алынатын ҚҚС-ты пайдалана алмайды. Соның салдарынан барлық ҚҚС жүктемесі ірі кәсіпорындарға түседі. Егер тіркеу шегі 15 миллион теңгеге дейін төмендетілсе, бұл мәселе қалай шешіледі? Шын мәнінде, бұл бизнес үшін тиімді өзгеріс болмақ. Бұрын ҚҚС-ты есепке алу мүмкіндігі болмаған кәсіпорындар енді оны есепке ала алады. Сондықтан, ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе де, кәсіпорындардың есепке алынатын ҚҚС көлемі артып, бюджетке төлейтін салық сомасы шамамен бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін. Яғни, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі тікелей салық жүктемесінің артуына әкелмейді.
Baq.kz: Кәсіпкерлер санының қысқаруы мүмкін бе?
Тахир Аслялиев: Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, алдымен бизнес құрылымының бөлшектенуі мәселесін қарастыру қажет. Қазіргі таңда ҚҚС бойынша тіркеу шегі жоғары болғандықтан, көптеген кәсіпорындар осы шекке жеткен бойда қызметін бөлшектеуге мәжбүр болады. Яғни, олар бір ірі кәсіпорын ретінде емес, бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектілері ретінде жұмыс істеуді жөн көреді.
Бұл құбылыс бәріне белгілі, тіпті нақты мысалдар келтіруге де болады, бірақ оған тоқталудың қажеті жоқ. Нәтижесінде, көптеген адамдар кәсіпкерлер ҚҚС шегін төмендеткеннен кейін де бөлшектенуді жалғастырады деп ойлайды. Алайда, 15 миллион теңгелік шек деңгейінде бизнесті бөлшектеу әлдеқайда күрделі болады, әсіресе салық органдары барлық операцияларды бақылап отыратын болса.
Сондықтан, менің ойымша, бұл тәжірибе тоқтайды және керісінше, кері процесс басталады. Егер қазіргі уақытта шағын кәсіпорындар орта бизнеске, ал орта кәсіпорындар ірі бизнеске айнала алмай жатса, оның себебі – салық жүктемесін болдырмау мақсатында бөлшектену практикасының кең таралуы. Енді бұл стимул жойылады, нәтижесінде кәсіпорындар біріге отырып, ірілену мен кәсібилікті арттыруға көше бастайды.
Baq.kz: ҚҚС-тың оңтайлы мөлшерлемесі қандай болуы керек?
Тахир Аслялиев: Бұл аса қатты талқыға түсетін тақырып. Менің ойымша, ҚҚС мөлшерлемесі 16-18% аралығында болуы керек. Ең дұрыс нұсқа – 17-18%, бірақ қоғамдық қысым мен сарапшылардың пікірі әсерінен бұл көрсеткіш 16% деңгейінде бекітілуі мүмкін.
Baq.kz: ҚҚС дифференциациясы қалай жүзеге асырылуы мүмкін?
Тахир Аслялиев: Мен бұған дейін ҚҚС-тың стандартты мөлшерлемесі шамамен 16% болады деп айтқан едім. Бірақ Президент бұл салықты дифференциациялау (салаларға қарай саралау) туралы тапсырма берді. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде бар, сондықтан жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, тек дұрыс қағиданы қолдану керек.
Қағида бойынша, стандартты ҚҚС мөлшерлемесі, мысалы, 16% болуы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір салалар үшін жоғары мөлшерлемені қолдануға болады. Бұл, әсіресе, халық есебінен табыс табатын, бірақ олардың пайдасы қызметінің мәніне сай келмейтін салаларға қатысты. Мысалы, құмар ойын бизнесі. Оларды ҚҚС болмаса да, басқа салықтар арқылы жоғары мөлшерлемемен салықтандыруға болады.
Ал кейбір салалар үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендетуге немесе мүлдем нөлге теңестіруге болады. Мұндай салалар – мемлекеттің дамытқысы келетін секторлар, мысалы, агроөнеркәсіптік кешен немесе кейбір өңдеу өнеркәсібі.
Жалпы, әрбір сала бойынша нақты мөлшерлемені жеке қарастыру қажет. Бірақ негізгі қағида – әділетсіз жоғары табыс табатын салалар үшін салық жүктемесін арттыру, ал мемлекет дамытуды көздейтін салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме қолдану. Осы қағиданы сақтау маңызды.
Baq.kz: Уақыт бөліп, өзекті мәселеге қатысты пікір білдіргеніңізге рақмет!