Елімізде блогерлерге арнайы тексеру жүргізіліп жатыр ма? Сізге хабарлама келген жағдайда не істеу қажет? Комитет азаматтардың салығын қалай тексереді? Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
Салық органдары блогерлерді жеке санат ретінде қарастыра ма?
Жоқ. Комитеттің мәліметінше, салық тексерулері барлық жеке тұлғаларға бірдей жүргізіледі. Яғни, салық органдары блогерлерді ғана емес, салық төлемеген бүкіл азаматтарды бақылайды.
Камералдық бақылау деген не?
Бұл – салық органдарының құжаттарды онлайн режимде тексеруі. Яғни, сіздің табысыңыз туралы ақпарат әртүрлі дереккөздерден алынуы мүмкін:
- банк есепшоттары,
- төлем жүйелері,
- басқа мемлекеттік органдардың деректері.
Егер сіз ресми түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, табыс тауып жүрген болсаңыз, салық органдары оны анықтап, хабарлама жібереді.
Бүгінгі таңда блогерлер қанша салық төледі?
Салық органдарының мәліметінше, 8 блогер өз еркімен 1 млрд 165 млн теңге табысын декларациялады. Бүгінгі таңда 70,6 миллион теңге салық төленді.
Салық төлеушілерге не істеу керек?
Егер сізге салық төлеу туралы хабарлама келсе, сізде үш нұсқа бар:
1. Салық органдарымен келісу – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеу.
2. Келіспеу – салық органдарына түсініктеме жіберіп, неге төлемеу керегін дәлелдеу.
3. Жауапсыз қалу – бұл жағдайда салық органдары толық тексеру жүргізіп, қосымша шаралар қабылдауы мүмкін.
Бұдан бұрын салық органдары 80 мың жеке тұлғаға салық төлеу бойынша қате хабарлама жіберген еді. Олардың ішінде 594 блогер бар.