Қазақстан цифрлық құралдар мен онлайн дерек алмасу жүйелері дамыған сайын салық декларациясын кезең-кезеңімен алып тастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Айтуынша, алдын ала толтырылған салық нысандарын енгізу мәселесіне қатысты сұрақтар көп. Ол жаңа тәсілдерге көшу – ведомствоның жекелеген шешімі емес, әлемдік үрдістің бір бөлігі екенін алға тартты.
Бұл – Қаржы министрлігінің қалауы емес. Бұл бағытқа барша әлем бет алып отыр, бәрі цифрландыруға көшуде. Жаңа Салық кодексі аясында декларацияларды алдын ала толтыру элементтері қарастырылған. Келесі жылдан бастап мұндай нысандарды шағын бизнеске ұсыну жоспарланып отыр, ал кейін бұл тәжірибе кеңейтіледі. Қазірдің өзінде жаңа Салық кодексінде алдын ала толтыру тетіктері бар, сондықтан келесі жылдан бастап шағын бизнеске алдын ала толтырылған декларация беруге мүмкіндік бар, – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ ірі бизнеспен көлденең мониторинг жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Бұл жоба аясында деректер мен құжаттар бойынша үздіксіз алмасу жүргізіледі.
Ірі бизнес өз ішкі есеп-қисаптарының барлығын және барлық ішкі құжаттамасын ұсынады. Егер барлық операциялар мен деректердің толық көрінісі бізде болса, кейін декларация тапсырудың қажеттілігі болмайды. Қаржы министрлігі бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, осы тетікті салық төлеушілердің өзге санаттарына да тарату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бәрі цифрлық форматта болса, онлайн алмасу жолға қойылса және агенттік құрамдас пен есеп жүйелері арқылы жұмыс істесек, декларация тапсыру қажеттілігі өзінен-өзі жойылады, – деп түсіндірді Қаржы министрлігінің өкілі.
Ал алдын ала толтырылған деректерде алшақтықтар туындаған жағдайда жауапкершілік мәселесіне тоқталған Ержан Біржанов салық төлеушілердің ақпаратты түзету құқығы сақталатынын атап өтті.
Біз өзіміздегі, басқа мемлекеттік органдар мен қаржы институттарындағы деректерге сүйенеміз. Егер салық төлеуші белгілі бір табыстың басқа бапқа жататынын есептесе, оны түзете алады. Мұндай мүмкіндік бар, – деді ол.