Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың салық бойынша берешегі қандай мөлшерден асса, банктегі есепшоттары бұғатталатын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
МКК аудит департаментінің берешекпен жұмыс жөніндегі басқарма жетекшісі Қайсар Арын Instagram желісіндегі тікелей эфирде жаңа тәсілдің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, енді берешекке қатысты шаралар сараланып қолданылады.
Біз дифференциацияланған тәсілді енгіздік. Егер салық берешегі 20 АЕК-тен (86 500 теңге) асып кетсе, өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Одан кейін мерзіміне қарай банктік шоттардағы шығыс операциялары тоқтатылады. Сонымен бірге кассаға қатысты да, инкассалық өкімдер бойынша да шаралар қабылданады, – деді Қайсар Арын.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, егер берешек 20 АЕК-ке дейін болса, салық төлеушіге тек ескерту-хабарлама жолданып, өсімпұл есептеледі. Мұндай жағдайда есепшотты бұғаттау және басқа да қатаң шектеулер қолданылмайды.
Ал берешек көлемі 20-дан 45 АЕК-ке дейін (194,6 мың теңге) жеткен кезде, салық органдары банктік шоттар мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтатып, сонымен қатар инкассалық өкімдер ресімдейді. Бұл санатқа кіретін 14 313 салық төлеушінің жалпы қарызы 1,8 млрд теңгені құрайды.
Қайсар Арын берешек өтелмеген жағдайда бұдан да қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Кейін дебиторлық берешекті өндіріп алу жұмыстары жүргізілуі мүмкін, мүлікке қатысты түгендеу актісі жасалады, оны сату және акция шығару қарастырылады. Қарыз төленбесе, сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тануға дейін баруы ықтимал, – деді ол.
Ал мүлікті сату және дебиторлар арқылы қаражат өндіру шаралары 45 АЕК-тен жоғары берешек болғанда қолданылады. Бұл топта 56 784 адам бар, олардың жалпы қарызы 276,5 млрд теңгеге жеткен.
Сондай-ақ елден шығуға тыйым салу берешек 27 мың АЕК-тен (116,8 млн теңге) асқанда енгізіледі. Мұндай қарызы бар 637 салық төлеушінің жиынтық берешегі 827,2 млрд теңге болып отыр.
МКК өкілдері жаңа жүйе бұрын жиі көтерілген мәселені, яғни шағын берешек салдарынан бизнес қызметінің толық тоқтап қалуы жағдайын жоюға бағытталғанын бірнеше рет атап өткен.
Еске салайық, бұған дейін 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер (ЖК) салық органына міндетті түрде хабарлама тапсыруы керектігі туралы жаздық.