Салтанат Байқошқарова: «Диззи» ішкен келіннен дені сау бала туа ма?

30 Қараша 2022, 16:00
3645
Бөлісу:
Салтанат Байқошқарова: «Диззи» ішкен келіннен дені сау бала туа ма?

Бала сүю – Жаратқанның адамзатқа сыйлаған ең абзал нығметтерінің бірі. Десек те, сәби иісін аңсаған жұптар саны күн санап артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде еліміз бедеулік проблемасымен күрес қалай жүріп жатыр? «Аңсаған сәби» бағдарламасы кімдерге арналған? ЭКҰ процедурасы арқылы ата-ана атанудың құны қандай? Жүктілікке қалай дайындалған дұрыс? Бала сүюге ең қолайлы жас неше жас? ЭКҰ процедурасы арқылы дүниеге келген балалар ертең ата-ана атана алмайды деген қаншалықты рас? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу үшін Экстракорпоралді ұрықтандыру әдісін (ЭКҰ) елімізге ғана емес, Орта Азияға алғаш рет енгізген, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқаровамен сұхбаттасқан болатынбыз. 

- Салтанат Берденқызы, әңгімемізді қазіргі таңдағы ең өзекті проблемалардың біріне айналған бедеуліктен бастасақ. Жалпы, статистикалық деректер не дейді? 

- Бедеулік бойынша статистика дүние жүзінде орташа. Отбасылардың 15-20 пайызы бұл проблемамен бетпе-бет келеді. Қазақстанда да солай. Бірақ жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе кеш ұрпақты болуды жоспарлау кері әсерін тигізуде. 35-40 жасқа дейін үйленбей немесе үйленгеннің өзінде тежеп, әртүрлі гормондық дәрілер ішіп, сақтанып жүріп уақытты өткізіп алады. Ертеңгі күні бедеулікке ұшырауы әбден мүмкін. Сол үшін көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Аборт мәселесі де бар. Жүкті болып, жасанды түсік жасату да бедеулікке алып келеді. Оны қанша жерден айтсаң да, жеңіл-желпі қарайтын адамдар бар. Дәлелді медицинаға сену керек. Әркімнің әр нәрсе айтқан жарнамасына ермеңіздер. Бәрі ақыл айтқыш, бәрі интернеттен пәлсапа соққыш. Шын мәнінде дәлелді медицинаны меңгерген мамандарға ғана сену керек. 

- Репродуктология саласы Қазақстанда қандай деңгейде?

- Біздің ұрпақты болу мүмкіндігімізді зерттеп, тексеретін әр саланың өзінің маманы бар. Репродуктология саласында проблемалар көп. Ол проблемалар тек дәрігерге ғана байланысты емес. Жалпы халыққа, соның ішінде әлеуметтік жағдайға байлаулы. Солардың ішінде, мысалы, ана мен сәбидің өлімін азайту мәселесі өзекті. Өйткені қазір өздеріңіз білесіздер, жүкті әйел перзентханаға баруға, бала тууға қорқады. Себебі әртүрлі кері ақпараттарды естиміз, күн сайын түрлі жағдайлар болып жатыр. Оны азайтудың мүмкіндіктері бір жағынан халықтың өзіне байланысты. Әйелдер мысалы, дәрігердің айтқанын тыңдамай, көбінесе терапевтік тексеруден өтпейді. Біреулерде қан қысымы жоғары, біреудің жүрегі ауырады, енді бірінде тағы басқа неше түрлі патологиялар болуы ықтимал. Жүктілікке дайындалмай бала көтереді де, ертеңгі күні түрлі қиын жағдайларға түсіп жатады. Сол үшін жүкті болатын әйел сауатты, саналы түрде оған дайындалуы керек. Ол үшін жергілікті терапевт, отбасылық дәрігердің тексерісінен өтіп, одан басқа да аурулары болса, бәрін реттеп, содан кейін ғана жүкті болуды жоспарлаған абзал. Сонда ғана ана-сәби өлімі жойылады немесе ең болмағанда көрсеткіші төмендейді. Одан кейінгі проблема – бедеулік проблемасы. Бұл енді біз айналысып жатқан мәселе. Мұнда да бізге келетін әйелдердің орта жасы – 38 бен 40 жас. Яғни көп уақытты өткізіп алған әйелдер. Оны біз үнемі айтып та жатамыз. Сонда да айтудан шаршамаймыз. Өйткені халықтың сауаттылығын көтермейінше, олар өздерінің денсаулығына сауатты түрде қарамайынша бедеулік мәселесін шешу қиын. Көпшілік ертеңгі күні ЭКҰ-ға барсам, екіқабат боламын, Үкімет көмектеседі деп уақытын өткізіп алады. Осылайша, әр нәрсеге сеніп жүреді. Біз негізі сенгіш халықпыз. Ана жерден бірдеңе естіп жүгіріп барамыз. Мында бір жүгіреміз. Бір кісіге бір әдіс көмектессе, сол міндетті түрде саған да көмектесетіндей болып тұрады. Олай емес! Ол тіптен егіз туған екі қыз болса, екеуінің организмі екі түрлі. Сондықтан уақытында репродуктологқа барып, ЭКҰ-ға жеткізбей-ақ сәбилі болуға мүмкіндік бар. Мысалы, өткенде көптеген облысқа кішігірім орталықтар ашып, сол жерлерге репродуктолог мамандарды дайындап бердік. Олар сол жерде отырып табиғи жолмен бала көтеру мүмкіндігін сыйлауда. Ал енді тіптен болмайтын жағдайда ЭКҰ-ға жібереді. Енді ЭКҮ туралы айтатын болсақ, былтырдан бастап квота саны көбейді. Квоталар 12 жылдан бері беріліп келеді. Алғашқыда 100 квота бөлінді. Жыл сайын біртіндеп көбейтілді. Былтыр 7000, биыл 7000 квота берілді. 2021 жылы 7 мың квота бергеннің арқасында 2300 бала дүниеге келді. Шын мәнінде, біздің саланың мамандары жұмыла еңбек етіп, атсалысып жатыр. Бірақ бәрі ол мәселемен шешілмейді. Оны күтіп отырмай, қимылдау керек. Уақытты өткізіп алмаған дұрыс. Уақытында тұрмыс құрып, уақытында ана атанып, жай ғана ана болмай, оған саналы, сапалы тәрбие беру керек. Жай ғана баланы туа бергеннен не шығады? «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады» дегенді алға тартамыз. Ол жалпы сөз. Адамның баласын қозымен салыстыруға болмайды. Қозыға бәрібір, кішкене шөбі, суы болса, күн жылыса, қора болса, өмір сүре береді. Адамға көп нәрсе керек. Жақсы үй, керемет білім, тәрбие қажет. Сондықтан қарапайым тілде адамның болмысын жоққа шығаруға болмайды.

- Үйленген отбасылар бір жыл ішінде бала көтермесе, дабыл қағу керек пе? 

- Негізі жастар отау құрғаннан кейін бір жылдың ішінде бала көтермесе, онда репродуктолог маманға барған дұрыс. Жалпы гинеколог ол репродуктологтың білгенін білмейді. Әрбір қалада, орталықтарда бірді-екілі, өте аз репродуктологтар бар. Олар көмек береді. Егер жасыңыз 35-ке келіп шаңырақ көтерсеңіз, онда жарты-ақ жыл күткен дұрыс. Өйткені 35 жастан кейін ұрық тапшылығы қатты байқалады. Барған кезде ел бірден ЭКҰ-ға жібереді деп ойлауы мүмкін. Алайда олай емес. Сауатты репродуктолог себебін іздеп, басқа да әдістерді ұсынады, басқа тәсілмен емдейді. Гормондық стимуляция, ультрадыбыстық мониторинг, гинекологиялық массаж, физиотеорапия, қабыну процесін емдеу немесе лапароскопиялық отаға жіберу сынды тәсілдерді жасайды. Өйткені репродуктолог – сауатты маман. 

- Елімізде сонда репродуктолог мамандар тапшы ма? 

- Негізі біздің акушер-гинекологтар көбінесе перзентханада жұмыс істейді. Негізгі күш барлық ТМД мемлекеттерінде ана мен сәбидің өлімін азайту үшін ең үлкен күшті акушерлікке салған. Соның өзінде түрлі қайғылы жағдайлар болып жатады. Енді репродуктолог мамандар – олар да гинеколог. Бірақ оларға бір немесе екі жыл бедеулікті заманауи тәсілдермен қалай диагностика жасап, емдеу керектігі туралы арнайы білім беріледі. Ондай мамандар аз. Бізде көбінесе жалпы гинекологтар жетерлік. Оның өзінде жетпей жатады. Бірақ негізгі күш жүктілікті жүргізу, босандыруға арналған. Сондай-ақ оперативті гинекология бізде дамыған. Операция жасайтын гинекологтар саны жетеді. Ал репродуктологтардыкі көбінесе аналитикалық жұмысты құрайды. Ол жұмысқа көп адамның барғысы келмейді. 

- Еліміздің репродуктивтік әлеуетіне қандай баға бересіз?

- Халықтың репродуктивтік денсаулығы төмен. Өйткені мысалы қазір жастардың арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу көп. Тіпті әрбір үшінші жасөспірім ұл бала ересек өмірге қадам басқан дейді. Ол балаларды ертеңгі күні не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Аборт жасау, гормондық дәрілер ішу немесе қабыну процесі, инфекциялар болады, оған қаншама антибиотик қабылдайды. Болашақта оларда сапалы ұрық қала ма?! Сондықтан репродуктивтік денсаулық бізде өте төмен деңгейде деп айтуға болады. Сауаттылықты арттыру керек. Дәрігерлер үнемі халыққа сабақ жүргізіп, ақпараттандырып жатады. Барлық жерде бар Отбасы жоспарлау институтының мамандары халықпен жұмыс істейді. Бірақ бәрібір тойшыл халықпыз, мәселеге жеңіл-желпі қарайтын елміз. «Не болады дейсің? Дәрігерлер айта береді. Пәленше туды ғой, түгенше сөйтті ғой» деп жүре береді. Ол дұрыс емес. Жалпы алғанда көрсеткіштер репродуктивтердің бізде азайып келе жатқанын көрсетіп тұр. Өйткені адам өзіне-өзі қиянат жасап отыр. 

- Бірнеше рет ЭКҰ жасатып, бірақ барлық процедура сәтсіз аяқталған жандарға не айтасыз? 

- Біріншіден, олар ЭКҰ-ны қай жерде жасатты және қанша жаста, соған байланысты. Егер жасы ұлғайған болса, процедура өзінің ұрығымен жасалса, оның нәтижелілігі төмен болады. Мамандандырылған мықты орталықта жасаса, нәтижелілік жоғары болары сөзсіз. Мүмкін керемет орталық болып, бірақ ұрықтың сапасы төмен болса, әрине, сәтсіз аяқталуы әбден мүмкін. Мұндай сәтте айтарым: бір рет ЭКҰ жасату – бірден бала сүюге кепілдік бере алмайтынына түсінікпен қарау керек. Жас әйелдердің өзінде бала көтеру мүмкіндігі бір айда 15-20 пайыз ғана. 30 жастағы әйелде – 10 пайыз. 40 жастағы әйелде – 5 пайыз. Өйткені адамды Құдай солай жаратқан. Ал 12 айдың ішінде орта шамамен жас әйел бір рет бала көтеруі керек. Көтермесе, дәрігерге бару керек. Сондықтан кінәні дүкенге барып зат алғандай ЭКҰ-дан көрмегендері дұрыс. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ мүмкіндігі төмен және жоғары орталықтар бар. Сәбилі болам деп нақты мақсат қойса, аты жер жарып тұрған орталықтарды таңдағаны дұрыс. Өйткені олар өздерінің абыройы үшін жұмыс істейді. Мәселен, біздің Астанадағы орталығымызда әрбір екінші әйел көптен күткен жүктіліктеріне қол жеткізеді. Өткенде Америкадан қазақтар келді. Бізге келіп, процедура сәтті аяқталды. Өзі биолог маман екен. Америкада екі рет ЭКҰ жасатқан. Бірақ сәтсіз болған.  Маған сол жақтан хабарласып, келгілері келетіндерін айтты. Бәрі керемет болса, 7 жыл мұхиттың ар жағында тұрып жатқан ол жұп Қазақстанға не үшін келді деп ойлайсыз? Олармен жұмыс істеу маған өте жеңіл болды. Бәрін түсініп, уақыттың, дәрігердің, адам еңбегінің қадірін білетіндіктерін көрсетті. 

Ал ұрықтарының қабілеті төмен адамдар жаңағыдай әңгімелер айтуға әуес. Ондай жағдайда донорлық ұрық алуға тура келеді. Оған біреудің қаражаты жетпей жатады, енді бірінің түсінігі жетпейді. 

- Бүгінгі таңда ЭКҰ процедурасын жүргізетін қанша емхана бар?

- Біз қазір 19 клиника жұмыс істеп жатырмыз. Былтырғы 7000 квотадан 2500-ге жуық бала дүние есігін ашты. Сол әйелдердің әлі біраз қатырылған эмбриондары бар. Яғни сол былтырғы өсім биыл немесе келесі жылы Құдай қаласа бала болып дүниеге келеді. Осы жылы да мүмкіндігінше барлық жағдайды жасап жатырмыз. Қазір квотаны алу жеңілдеді. Бұрын 5 жыл кезек күтетін болса, кейбір аймақтарда 2-3 айдың ішінде квотаға қол жеткізіп жатыр. Әрине, оның да жүгірісі көп. Оған да құжаттар жинайсың, комиссиядан өтесің, кезекте тұрасың дегендей. Қанша дегенмен, елге берілген мүмкіндік бар. 

- Соңғы заманауи тәсілдер қандай? Бізде қандай жаңалықтар бар? 

- Заманауи тәсілдерге тоқталсақ, соңғы жылдары дәрілердің түрлері өзгерді. Құрал-жабдықтар жыл сайын жаңарып, өзгертіліп жатыр. Қазір мысалы жасанды интеллект шықты. Жасанды интеллекті дегеніміз, эмбриологияда  ең жақсы, сапалы эмбрионды таңдап бекіту үшін арнайы құрылғы шықты. Ол эмбриоскоп деп аталады. Бізде қазір Қазақстанда алғашқы болып жабдық алдық. Бізде Алматы, Астана, Шымкенттегі орталықта бар. Соның нәтижесінде бұрынғыдан да сапалы эмбрионды жасанды интеллект таңдайды.  Әр эмбрионды жасанды интеллект 7 млн эмбрионның суретімен, видеосымен салыстырып отырып бізге қорытындысын береді. Эмбрионның даму сатысы болады. Сол кезде мына эмбрионды салуға тұрарлық, ал мынау әлсіз деген сияқты қорытындыларды ұсынады. Одан кейін қазір генетикалық диагностика бар. Диагностиканың бұл түрінде тіптен ЭКҰ-ға бармай, жастар үйленердің алдында қан тапсырып, өзінің генетикалық ауруларға бейімділігі бар ма, соны тексеріп алып, дені сау баланы дүниеге алып келу үшін тексеріледі. ЭКҰ-ны біз бедеулік болған жағдайда жасаймыз. Ал енді дамыған мемлекеттердегі қазіргі заманауи көзқарас: жастар бірінші өзінің организмінің қандай ауруға бейім екендігін біліп алады. Миллиард теңге тұратын бір уколға қаншама ақша жинап, жылап жатқан кісілер бар ғой. Сондай балаларды дүниеге әкелмес үшін осы генетикалық диагностиканы жасап, алдын ала соның алдын алуға болады.

- Бедеулік бойынша қандай проблемалар бар? Мемлекет нені қолға алуы керек?

- Енді бедеулік проблемасы Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде бар. Жылдан-жылға көбейіп келе жатқан проблема. Өйткені экологиялық факторлар әсер етеді. Оны біз жөндей алмаймыз. Себебі дүние жүзі бойынша ер адамның да, әйел адамның да ұрығының сапасы төмендеп келеді. Бірақ адамның өзінің қолынан келетін мүмкіндіктерді қолдану керек. Жастау кезде ұрпақты болуға тырысқан жөн. Ертеңгі күні ЭКҰ-ға жүгінбей, табиғи жағдайда жүкті болған дұрыс. Көпшілік бүгін жағдайымды жасап алайын, ертеңгі күні ЭКҰ-ға барып балалы болам ғой деп ойлайды. Бірақ қазіргі жағдайда жастардың өзінде ерте климакс деген мәселе бар. Өткенде іссапармен Түркістан облысына барып, бір күн қабылдауда болдым. Сонда бір екі жас келіншек келді. Тіптен уылжып тұрған жаста деп айтатындай. 21 жаста екен. Соларда ұрықтың жоқтың қасы. Ультрадыбыстық зерттеумен қараған кезде ұрығының саны, аналық қоры 40-тағы әйелдің ұрық көрсеткішіндей. Сол үшін оларға уақыт созуға болмайды. Олар уақытылы –19 жасында тұрмысқа шыққан, екі жыл жүктілік болмаған соң не істеймін деп келген. Репродуктолог қолынан келгенше табиғи жағдайда жүктілік жасауға тырысады. Ал енді болмаса ЭКҰ-ға баруға тура келеді. Өйткені ол келіншектерде 30 жасқа жетпей климакс болады. Бұл – экологиялық факторлар. Қазіргі заманның айналаның ластануы, химиялануы, радиация. Соңғы жылдары әлемде ауру балалар көп дүниеге келуде. Қазір аутизм деген ауру бар, әрбір сексенінші бала, тіптен ұлдардың ішінде елуінші бала сондай ауытқумен туып жатыр. Оның  бәрі неліктен? Өйткені адам өзінің өмір сүретін ортасының бәрі ластаған. Химиялық, физикалық, радиациялық факторлар бар. Табиғи жағдайдың өзінде сондай балалар өмірге келуде. Жүз баланың ішінде біреу, екеуі проблемамен туады. Жаһандану дегеніміздің кері жағы осы. Тағы бір мысал айта кетейін. Жас келіншекті көріп таң қалдым. Таңертең шай ішетін қазақ энергетикалық сусынды ішіп отыр. Таңғы асы сол. Ертеңгі күні организмі не болмақ? Ондай жасанды неше түрлі қоспаларды қабылдаған соң әрине, ұрықтың сапасы төмен болады. Дені сау бала тумайды. 

Мемлекет мүмкіндігінше көмектеседі. Квота барлығына 100 пайыз жетіп жатқан жоқ. Бірақ бәрібір үлкен мүмкіндік берілуде. Мемлекет не істеуі керек? Осындай ақпараттандыру жұмыстарымен айналысуы керек. Дәрігерлер аймақтарға барып, пациенттерге бедеуліктің алдын алу жолдары қандай, ұрпақтың дені сау болуы үшін не істеу керек деген сынды ақпараттық көмек көрсетеді. Кейін екінші мәселе – квота жетпей жатқан жағдайда 1 млн теңге тұрады квота десек, оның жартысынан көбі дәріге, неше түрлі құрал-жабдыққа кетеді. Оның бәрін мемлекет мойнымызға  ала алмаймыз дейді. Бірақ ұрық аз, әлі де мүмкіндігі бар әйелдерге одан екі-үш есе аз қаражат бөліп, көмектесуге болады. 

Салтанат Байқошқарова: «Диззи» ішкен келіннен дені сау бала туа ма?

- Көпжүктілікке қарсы екеніңізді айтып жүрсіз... 

- Иә, мен айтып жүрген көпжүктіліктің нәтижесінің басым көпшілігі – уақытынан ерте туған балалар. Ол балаларды күтіп, толыққанды бала, орташа шамамен 2,5 келі салмаққа жеткізу үшін мемлекеттің қыруар ақшасы жұмсалады. Соның бәрі МӘМС – сақтандыру жүйесінен бөлінеді. Соған кететін қыруар ақшаны ЭКҰ-ның ақшасымен салыстырып көрсек, бір баланы солай күту үшін кететін ақша бір әйелге он ЭКҰ жасайтын ақша кетеді. Оның өзінде дені сау бала болатынына кепілдік жоқ, көбінесе ауру болады. Күнде көмек сұрап жатқан, ДЦП, неше түрлі ауру балалары бар кісілер солар. Қарап отырсаңыз, кейде арзанырақ ЭКҰ-ға көмектессе, яғни эмбриондарды бір-бірлеп салса, ертеңгі күні дені сау сәбилерді дүниеге әкелуге мүмкіндік болады. Ауру балаларды туып, оларға босқа ақша кетіргенше, басқа жолдарын қарастырған дұрыс деп ойлаймын. 500 грамм деген бала не, бір уыс қана, көп ағзалары жетілмеген. Жарайды, жүрегі соғып жатыр, тірі адам дейміз. Бірақ көбінесе ол ертең ауру бала болады. Өткенде бір маманымыз негізі пациенттерге былай деп түсіндіру керектігін айтып еді. Ұшақпен ұшарда ол 30 пайыз жағдайда құлауы мүмкін. Олай деп айтсаң, ел мінбейді. Ал пациенттерге  көпжүктілік болса, 30 пайыз жағдайда ауру бала туасың деп ескерту керек. Сонда ғана түсіне бастайды. Сондықтан ақпарат беру, оны халыққа түсіндірудегі басты мақсат сол. 

Пациенттер көбінесе егіз болса, үшем болса деп армандайды. Кейде екі эмбрион салыңыз, үш эмбрион салыңыз деп репродуктологпен саудаласып отырады. Маман оны түсіндіру үшін қанша уақыты кетіп, жүйкесі тозады. «Дені сау бір бала туу үшін бір-бірлеп салайықшы» десе де көнбейтіндер бар. Кейде бір эмбрионның өзінен егіз бала болады. Екеу салсаң, үшеу болып кетеді. 

Ал егер әйел өзі табиғи жолмен егіз немесе үшем балаға жүкті болса, әрине, ештеңе істемейміз. Акушер-гинекологтар ол балалардың аман-есен дүниеге келуіне, өздігінен босануға рұқсат па, жоқ па, соны анықтап, көмектеседі. Бірақ негізінен бұл балалар уақытынан ерте туып жатады. Ал бұл дәрігер ЭКҰ процедурасы барысында жатыр қуысына екі немесе үш эмбрион салуы әйелдің өмірі, денсаулығы үшін үлкен қатер. Баланың өмірі мен денсаулығына да ешкім кепіл бермейді. Оларды күтуге мемлекет жүздеген мың доллар қаражат жұмсайды. 22 апта 5 күн болып туылған сәбилерді күту міндеттеледі. Ондай балалардың миы да, көру, есту қабілеті де дұрыс дамымай қалады. Біз егіз немесе үшем сәбиге өмір сыйладық, игі іс жасап жатырмыз деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ ақталмаған қаражаттар мен мүгедек балалардың туғанына куә боламыз. Сондықтан біздің міндетіміз – дамыған мемлекеттердегідей ақша санай біліп, сол ақшаны сақтандыруға беріп, дені сау бала туылуы үшін ЭКҰ-ға беру қажет. 

- Елімізде қанша бала мүгедек болып дүниеге келеді деген статистика бар ма?

 - Егер егіз немесе үшем болса, олардың 20-30 пайызы  мерзімінен бұрын, шала туған балалар. Бұған саналы тұрғыда қарау керек. Егіз, үшем сәбидің ата-анасы атанғысы келетін пациенттермен көп жұмыс істеуге тура келеді. Егіз, үшем туды деп жер-жаһанға сүйіншілетеміз. Оларға қарап адамдар бізде де солай болса ғой деп армандайды. Бәрі жақсы аяқталса, жақсы ғой. Бірақ 30 пайыздай жағдайда бұл үлкен проблемаға ұласса, көпұрықты жүктілікті ЭКҰ барысында жасатпаған дұрыс. 

- «Аңсаған сәби» бағдарламасымен әйелдердің 34 пайызы ана атанған. Бұл жақсы көрсеткіш пе?

- Тіпті керемет нәтиже деп айтқан болар едім. Баланың тірі туылу көрсеткіші Еуропалық тізілімде 27 пайызға тең. Қазақстанда біз әр пациентке жылдам көмектескіміз келгендіктен, осы бағдарламамен әр екінші әйел жүкті болады. Біз криоконсервация әдісін қолданамыз, бір эмбрионның орнына екеу саламыз. Кейбір жетекші клиникалардағы көрсеткіш 40 пайыздай шамасында. Сол үшін 34 пайыз деген – жоғары нәтиже. Әйел 100 пайыз әр сайын жүкті болуы мүмкін емес. Жатырдан тыс жүктілік, түсік, егер көпұрықтық жүктілік болса, уақытынан бұрын босанып қалу секілді әртүрлі жағдайлар да орын алуы ықтимал ғой.

- Қазақстанда бедеу отбасылардың саны қанша? Олардың қанша пайызы ЭКҰ процедурасына үміткер бола алады?

- Елімізде де, әлемде де бедеулік үлкен проблемаға айналған. Отбасылардың 20-30 пайызы осы проблемамен өмір сүріп жатыр. Қанша бедеу жұп бар екендігі туралы нақты статистика жоқ. Бірақ бұрынғыға қарағанда квотаның он есе көп бөлінуінің өзі адамдарға үміт пен сенім сыйлады. Олар әйелдер консультациясына барып есепке тұрады. Дегенмен олардың барлығы бірдей квота ала алмайды. Бәріне оңды-солды таратады деген сөз емес. Квота Денсаулық сақтау министрлігінің сәйкес бұйрығының критерийлеріне сәйкес келетін жандарға беріледі. Олар аналық жасушаның орташа қоры бар әйелдер болуы тиіс. Бір немесе екі фолликуласы бар әйелдерге квота бойынша ЭКҰ жасату екі-үш есе арзанырақ. Оларға да квотаны пайдалану мүмкіндігін беру керек. Өкінішке қарай, нәтижелілік – Денсаулық сақтау министрлігінің басты талабы. Біз бағдарламаға тым болмағанда орташа авориалды қоры барларды аламыз. 

- ЭКҰ арқылы туған балалар кейін ата-ана атана алмайды деген пікір бар. 

- Бұл күлкілі. Өйткені біз репродуктологияның осы саласында 27 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұрын мұндай сұрақтар аз болатын. Неғұрлым ұзақ жұмыс істеген сайын осындай сипаттағы сұрақтар да көбейіп келеді. Бұл балалардың анасы табиғи жолмен жүкті болып, дүниеге келген балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін қайталап айтып келеміз. Айтудан да жалықпаймыз. Бізге анасы табиғи жолмен көтергеннен туған бедеу жұптар жүгінеді ғой. Логика қайда? Неге осы сұрақ әлі күнге қойылады. Қазір табиғи жолмен дүниеге келгендерді бедеуліктен емдеп жүрсек, ендеше олар неге бедеулікке шалдыққан? Неге ЭКҰ арқылы туылған балалар бедеу болуы тиіс? Иә, олар ата-аналарының тағдырын қайталаулары мүмкін. Көп жағдайда олар өздері бала сүйе алады. Бедеуліктің факторы көп қой. ЭКҰ-дан туған балалар да толыққанды адамдар. Олар да ата-ана бола алады, ол дәлелденіп қойған. ЭКҰ-дан туған әлемде 10 млн, ал Қазақстанда 30 мың бала қазір адам қатарында өмір сүріп жатыр. Елімізде біздің процедурадан дүние есігін ашқан балаларымыздың алды тұрмысқа шығып, үйленіп, ана, әке атанып отыр. 

- Мемлекет бір ЭКҰ-процедурасына қанша ақша жұмсайды?

- Орта есеппен бір адамға квота бойынша 1 млн теңге бөлінеді. Оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мыңдайы шығын материалдарын жабуға кетеді. Кішігірім бөлігі клиникада қалады. Неліктен клиникалар бұл процедураны жасауға қызығушылық танытады деп ойлайсыз? Өйткені ақылы ЭКҰ жасау мүмкіндігі айтарлықтай жоғары емес. Пациенттер біз мемлекеттік квоталық бағдарламаларды жасауымызды сұрайды. Бірақ пациенттер криоконсервацияға, егер генетикалық диагностика жасатқысы келсе, ол үшін де өз қалталарынан төлейді. Сондықтан ЭКҰ-ның барлық заманауи технологияларын пайдалануға жетпейді. 70-80 пайызын ғана жабады. Қалған бөлігін пациенттер өздері төлейді. Мен үнемі алдыма келген пациенттеріме «Квота дегеніміз барлығы тегін дегенді білдірмейді. Артық ақшаларыңыз болғаны дұрыс» деп ескертемін. Өйткені барлығының бағасы өзгерді. Бұл есептеулер бірінші квоталар беріле бастаған кезде – 12 жыл бұрын жасалды. Бұл да үлкен қолдау. 200-300 мың теңге тауып, бүкіл бағдарламаны жасату қиын емес деп ойлаймын. Пациенттерге тым болмағанда бірреттік криконсервация жасауға квотадан ақша бөлінуі қажеттігі туралы бастама көтеріп айтып жүрміз. Бірақ әлі бұл мәселе шешілген жоқ. 

- Сонда бір ЭКҰ-ға кететін қаражат қанша?

- Шамамен 1,3 млн немесе 1,5 млн теңгеге шығады. 

- Әр жасалған процедураға мемлекет тарапынан бақылау бар ма? Мысалы, бір рет жасатты, сәтсіз болды. Тағы келіп жасата ала ма? 

- Квота бағдарламасы есебінен бірнеше рет жасата алмайтыны түсінікті. Егер онда көптеген эмбриондар шықса ғана рұқсат беріледі. Мұндай жайттар өте сирек кездеседі. Мәселен, бір баласын туады. Одан соң екі жылдан кейін келіп қатырылған эмбрионды алып, келесі баласын дүниеге әкеледі. Кейде әрі қарай эмбриондары қажет болмауы мүмкін. Қазір циклды сигменттеу деген түсінік бар. Бұрын біз ЭКҰ-ны бастағанда сол айда барлық процесті аяқтап тастайтын болсақ, қазір бірінші айда материалды – аналық жасушаны алып жинаймыз, ұрықтандырып, оны қатырамыз. Пациент екі-үш ай демалып, қажет болса, операцияларын жасатып алады. Одан кейін келіп табиғи циклда эмбрионды саламыз. Квота бағдарламаларында әрбір екінші, үшінші әйел жүкті болып жатады. Бұл деген керемет! Бәрі әйелдің организміне байланысты. 

- Қазір әйелдер қауымы арасында 40-ты қойып, 50 жаста ұрпақ сүю трендке айнала бастаған сияқты. Бұған қалай қарайсыз? 

- Ешкім ренжімесін, мұндайды құптамаймын. Себебі 50-54 жаста жүкті болу – өте көп акушерлік асқынуларға ұласады. Әйел өзінің өміріне де қауіп төндіреді. Жас неғұрлым ұлғайған сайын баланы соңына дейін көтере алмауы, қан қысымының жоғарылауы, қан кету сынды көптеген қатерлер бар. Комаға түсіп кететін жайттар да кездеседі. Оларға күтім керек, дәрігерлердің олардың өмірі үшін қанша күштерін сарп етеді. Одан да бәрін өз уақытында жасаған дұрыс деп есептеймін. 50-ді қойып, 45-тің өзі тым кеш. Бір күні бір әйел маған қабылдауыма келіп: «Менің жасым 42-де. Әзірге жаспын ғой, жүкті болғым келеді» деді. «Сіздің пойызыңыз баяғыда кетіп қалған. Егер соңғы вагонды қуып жете алсаңыз, мүмкін» деп әзілдедім  мен де. 40-тан соң өзіңді бала туу үшін жас деп сезіну – қисынсыз. 

- Сонда қыздарымызға неше жаста ана атануға кеңес берер едіңіз? 

- Неғұрлым жас болса, соғұрлым жақсы. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында жасқа байланысты шектеу жоқ. Сол үшін біз әр жағдайға жеке қараймыз. 48-50 жастағы әйелдерге ЭКҰ жасауға келісетін әріптестеріміздің қатары сирек. Бірақ біз әйтеуір бала туса болды деп адам өмірін қатерге тіге алмаймыз. 

- Сіздің тәжірибеңізде «ең кәрі» пациент неше жаста болды? 

- 51 жастағы әйел адам алғаш рет ана атанған бір жағдай кездесті. 53 жастағы пациентіміз де болды. Жалғыз баласы қайтыс болған соң тағы да сәбилі болғысы келіп, қатты стреспен келетін жайттар да болуы мүмкін. Егер комиссия «Оның организмі жақсы жұмыс істеп жүр, жүктілікті жақсы өткере алады» деген қорытынды берсе, бірлі-жарым жағдайларда адамның жағдайына қарауға тура келеді. Ал 50 жастағы әйел 4-5 баласы бола тұра, өзіне ермек іздеп жүрсе, онда қарсымыз. Жүктілік кезінде адам организмінде бұрын болған аурулардың қайта өршіп кетуі мүмкіндігін де ешкім жоққа шығармайды. Мысалы, бір жайт есіме түсіп отыр. Осындай кеш жүктіліктегі пациентіміздің бұрын болған туберкулез ауруы қозып, бәрі әйтеуір бақытқа орай жақсылықпен аяқталды. 

- Демек, 35 жас кеш қой?

- Негізі әйелдің репродуктивтілік жасы 15 жастан 49 жасқа дейін деп саналады. Әйел осы кезеңде жүкті болуы мүмкін. Бірақ 40-тан асқан соң мүмкіндіктер азая береді. Көпшілігінің аналық жасушасы болмайды. Ең абзалы – 18 бен 25 жас. 30-дан соң да шаш ағарып, әжім түсе бастауы мүмкін. Физиология бойынша 30 жасқа дейін тым болмағанда 2 бала сүйген жақсы. 35-тен соң тәуекелдер көбейе береді. 

- Мүгедектер арбасына таңылған жандар да бала сүйгілері келетіндерін айтып, квота бөлу туралы мәселе көтерген еді.

- Арнайы квота бөлінгенін көрмеппін. Бірақ ондай жұптарға көмектестік. Балалар да дендері сау болып дүниеге келді. Мүгедектік әртүрді болуы мүмкін. Егер ақыл-есі кем болса, жүктілікке қарсы көрсетілім бар. Ал көру қабілетінен айырылса, жарақаттардан жүре алмай қалса, қозғалу мүмкіндігінен айырылып қалғандарға да ата-ана атануға неге мүмкіндік бермеске?! 

- Донор-ер адамнан бала сүйгісі келетін әйелдер жүгінген кездер болды ма?

- Ішінара бар, бірақ ондай жайттар көп емес. Бірақ бұл да үлкен проблема. Өйткені донордан 100 пайыз дені сау бала дүниеге келетіндігіне ешкім кепілдік бермейді. 

- «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жалғызбасты әйелдер бала сүйе ала ма?

- «Аңсаған сәби» бағдарламасы – бұл негізінде Президенттің тапсырмасына сәйкес, ажырасуларды азайту, бала сүюге мүмкіндік беру үшін бедеулікке шалдыққан жұптарға арналып  жасалған. Жалғызбасты әйелдерге бұл бағдарлама бойынша квота жоқ. 

- Көбінесе бедеулік десе, әйелдерді кінәлап шығамыз. Кінәрат ер адамдардың тарапынан да болуы мүмкін?

- Бедеулікке екі тарап та кінәлі. 50-де 50. Әйелдік фактор да, ерлердің факторы да бар. Әйел баланы көтеріп, өмірге әкелетіндіктен біздің дәстүріміз бен түсінігіміз бойынша әйел кінәлі. Кейде ер адамның күші әлсіз болуы да ықтимал. Дәрігерге жүгініп, бірге емделулері керек.

- Дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін тамақтану режімін де дұрыстау қажет қой? 

- Келіндерімізге, жас қыздарымызға тамақтануға қатты мән беруді ұсынар едім. Тағы қайталап айтамын, энергетикалық сусын ішпеңіздер. Смартфонды көп қолдану да зиян. Израильдық ғалымдар смартфондардың сперматозоидтардың хросомалық патологиясына ұшырататынын дәлелдеген. Біз әркімдер кеңес беріп, ұсынатын БАД-тарды көп тұтынамыз. БАД-тарға да әуес болмаңыздар. Мұның барлығының өзінің шегі болуы керек. Тек дәлелді медицинаға сенуге шақырамын. 

- Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы