Салтанат Әзірбек Алматы ПД-ін террористерден қалай қорғағандарын айтып берді

14 Қаңтар 2022, 18:55
2198
Бөлісу:
Салтанат Әзірбек Алматы ПД-ін террористерден қалай қорғағандарын айтып берді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы қаласы Полиция департаментіне мыңнан астам содыр шабуыл жасаған. Олар нақты жоспар бойынша әрекет етіп, нысандағы қару-жарақты басып алмақ болған. Аталған ведомстваның ресми өкілі Салтанат Әзірбек БАҚ өкілдеріне қару-жарақ сақталған стратегиялық нысанды қалай қорғап қалғандарын айтып берді. 

Оның айтуынша, 4 қаңтарда халық көшеге әлі шықпай тұрып сағат 18.00-18.30 шамасында қалалық полиция департаменті мен өзге бөлімшелеріне шабуыл жасалғалы жатқаны туралы шұғыл мәлімет келіп түскен. Өйткені полиция бөлімшелерінде қару-жарақ сақталған.

Бұл кезде қалалық ПД-де жүзге жуық жеке құрам қызметкерлері болды және негізгі соққы да осы департементтің ғимаратына жасалды. Кешкі сағат 20.00 шамасында мыңнан астам содыр шабуыл жасады. Олар ешқандай талап қоймастан, бәрін қиратып, жойғылары келді, – деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар ол содырлар ғимараттың бірнеше тұсынан шабуыл жасап, ішке енбек болғанын айтты. Алайда құқыққорғаушылар оларға тойтарыс бере білген.

Шабуылдарға тойтарыс беру үшін біз бірден бірнеше позицияны ұстандық, соның ішінде ғимарат сыртынан да соққы бердік. Бірақ ол туралы егжей-тегжейлі айта алмаймыз. Өйткені қылмыскерлер келесіде оны ескеруі мүмкін. ПД-не қарсы тұрған үйдің төбесінде содырлардың бірнеше мергені болды. Біз олардың көзін жоя білдік. Атыс біткен соң сол аумақтан 27 террористің мүрдесі табылды. Жараланғандардың көбін жанында жүрген жақтастары өздерімен бірге алып кетті. Шабуыл жасаушылармен арадағы атыс 5 қаңтардың таңына дейін жалғасты, – деді ол.

Содырларға қарсы тұру арнайы операцияларының барлығын ПД-нің басшысы Қанат Таймерденовтың өзі басқарған. Майдан арасында басшының өзі жүруі жас қызметкерлерге демеу болып, олардың жауынгерлік рухын көтерген.

Мәселен, қатардағы рядовой атыс қаруын өмірінде бірінші рет шынайы қолданып тұр. Өйткені олар табелдік қаруды тәуліктік кезекке түскенде және оқу-жаттығуға барған ғана қолына алады. Дегенмен, бізге қандай жағдай болмасын ғимаратты содырлардың қолына бермеу керек болды. Олар мұндағы қару-жарақты алса бүкіл қаланы басып алар еді, – дейді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, шабуыл жасаған топ тыңғылықты дайындалған, сондықтан нақты әрекет жасаған. 

Олар өте жақсы әрекет етті, ұйымдасқан әрі бірлікте болды. Олардың шабуылы алдын ала жоспарланып, қағазға түсірілгендей. Өйткені олар өз күштерін позицияларға бөліп отырды. Сол маңда орналасқан бейне бақылау камераларын істен шығаруға жауапты жекелеген адамдары болды. Сондай-ақ тағы бір топ шабуылға қатысып жатқандарға қару-жарақ тасып отырды, – дейді ресми өкіл.

Абырой болғанда ПД-і маңындағы атыс кезінде бейбіт тұрғындар зардап шекпеген. Жалпы бүлік кезінде құрбан болған бейбіт тұрғындар саны әлі де анықталуда.

Қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде құрбан болған бейбіт тұрғындардың нақты санын комендатура міндетті түрде мәлімдейді. Ол бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр, – деді Әзірбек.

Сөз арасынада ол бүлік кезінде кейбір полиция қызметкерлері қорғаныс қалқанын тастап, наразылар жағынан өтіп кетті деген ақпаратқа қатысты түсінік берді.

Қазір жағдайлар анықталып, тыңғылықты тергеу жүріп жатыр. Алайда, сондай жағдай расымен болды ма деген сұрақ та бар. Өйткені қауесетке сенуге болмайды. Әр жағдай бойынша жекелей тексеріс жүргізіледі. Менің білуімше, бүгінге дейін ондай жағдай расталмады, – деді ол.


Қазір Алматы ПД-нің маңы қоршауға алынып, жасақпен күзетке алынған. Масанчи көшесінің Қабанбай батыр мен Қарасай батыр аралығы жабылған. Мұндай шектеу қаладағы ТЖ аяқталғанға дейін, яғни 19 қаңтарға дейін сақталады.

Өзгелердің жаңалығы