Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі BAQ.KZ ақпараттық агенттігі жолдаған сұрақтарға ресми хат арқылы жауап берді.
Министрлікте хабарлағандай, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджет саласындағы, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қызметкердің лауазымдық жалақысын есептеу үшін коэффициенттердің жаңа кестесін жасап шықты.
«2019 жылдың 1 маусымынан бастап жаңа кесте бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және тағы басқа да салада қызмет ететін 1 миллионнан астам азаматтық қызметкердің жалақысы көтеріледі деп күтілуде», - делінген ресми жауапта.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, осы аталған мақсатты жүзеге асыру үшін 2019 жылы республикалық бюджеттен 115 млрд теңге бөлінеді, оның 109 млрд теңгесі – білім беру саласына. Алдағы уақытта жыл сайынғы қажеттілік 234 млрд теңгені құрайтын болады.
Қызметкерлердің жалақысын көтеру еліміз бойынша бір уақытта жүзеге асырылады.
«Білім беру саласында жарты миллион адамның жалақыны көтеріледі, олардың 300 мыңнан астамы педагогикалық қызметкер. Негізгі қызметкерлермен қатар (мұғалімдер, тәрбиешілер, оқытушылар, педагог-психологтар, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, қосымша білім беру педагогтары, ұйымдастырушы педагогтар және т.б.), көмекші персоналдардың (тәрбиешінің көмекшісі, іс-қағаз жүргізуші, статистика маманы және т.б.), сондай-ақ техникалық персоналдардың (тазалықты қамтамасыз етуші қызметшілер, аула тазалаушы, күзетші, ғимараттың кешенді қызмет көрсетушісі, сантехник, электрик, жүргізуші және т.б.), әкімшілік қызметкерлер (кітапханашы, есепші, жүйелік администратор, әскери есеп бойынша маман және т.б.), басқарушылық қызметкерлердің (басшы және оның орынбасарлары) де жалақысы көтеріледі», - деп жауап берді ҚР БҒМ-да.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова 15 сәуір күні Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру жолында 1 маусымнан бастап мұғалімдердің жалақысы көтерілетінін айтқан болатын.