«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Алматы, Жетісу және Абай облыстарынан соң Ертіс өңіріне келіп жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бүгін вагон-емхананың білікті мамандары Павлодардың іргесіндегі Кемеңгер ауылының тұрғындарына қызмет көрсетіп жатыр. Пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, ауыл халқы тарапынан ультрадыбыстық зерттеу жүргізу, тіс, көз дәрігері мен невропотолог-мамандарға сұраныс жоғары.
Жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр. Біз өз сапарымызды 26-шы сәуірде бастадық. Осы уақыт аралығында үш өңірде болдық. Кемеңгер станциясында екі күн тұрамыз. Халық тегін қарала алады. Невропотолог, окулист, хирург, уролог, акушер-гинеколог, стоматолог, кардиолог мамандары жұмыс істейді. Сонымен қатар, зертханамыз быр. Тұрғындар қан тапсырады. Флюрографиялық аппарат та іске қосылған. Жалпы, сәуірден бастам 15-мыңға жуық халықты қабылдадық. Олардың 15%-ы – кішкентай пациенттер, - дейді Айнұр Егінбаева.
«Саламатты Қазақстан» пойызы облыстың сегіз ауылында болады. Биылғы жылдың жаңашылдығы – дәрігерлермен қатар кәсіби заңгерлер мен медиаторлардың жұмысы. Ауылдағы ағайын кез келген құқықтық мәселесі бойынша көмекке жүгіне алады. Ал мамандар өтініш-тілектердің барлығын жинап, «Е-өтініш» бағдарламасына енгізеді. Бұл тәжірибені енгізуге ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі кеңес мүшелері мұрындық болған.