Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионатында керемет өнер көрсетті.
Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан бокстан 21-ші әлем чемпионатында 51 келіге дейінгі салмақта Сәкен Бибосынов 1/16 кезеңде өзбекстандық Хасанбой Дусматовты ұтты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті 24 жастағы қазақ былғары қолғап шеберіне берді.
Сәкен Бибосынов биыл Токиода өткен Олимпиаданың қола жүлдегері. Ал 28 жастағы Хасанбой Дусматов - 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы.
Енді Сәкен келесі кезеңде үндістандық Дипак пен қырғыз Азат Үсеналиев арасындағы жеңімпазбен жұдырықтасады.
Айта кетейік, кеше рингке шыққан екі боксшымыз – Серік Теміржанов (57 кг дейін) пен Абылайхан Жүсіпов (67 кг дейін) қарсыласынан басым түсті.