Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр мен Бас прокурорға бағыттады.
Соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен жарамсақтық, қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Һакім Абайдың «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» деген сөзі тура бүгінгі дәуірге дөп келіп тұрғандай, - дейді Әшімжанов.
Мәжілісмен соңғы уақыттарда қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп бара жатқанына алаңдады.
Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп жанымыздан түңілдік. Ұлттың Арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады, - деп айтты Жанарбек Әшімжанов сауалында.
Депутат айтып өткендей, күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді.
Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді.
Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты «жазалау» шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап, атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ. Шіріген ауыздан шыққан сөзді жөндеймін деп, намысты жас өрендеріміздің заң аясында опық жеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық, - деді ол.
Жанарбек Әшімжанов қоғамда рухани тұрғыдан азғындаған тобырлық мәдениет қатты белең алып бара жатқанын айтты. Мұның басты себебі – патриоттық сана мен ұлттық тәрбиеде, отбасылық құндылықта кетіп жатқан кесел-кемшіліктер. Сосын науқаншылдық пен жалған жасампаздықтың, мемлекет қазынасын желге ұшырып жатқан жемқорлықтың кесірі.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деген. Ал бесігімізді қандай құндылықтар тербеп жатыр? Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Балабақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз, - деп ұсыныс айтты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов.