Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

29 Қаңтар 2021, 11:41
1384
Бөлісу:
Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты жағдайда табыс етті, - делінген хабарламада.

Бұл мәртебелі марапатқа танымал актер мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен иеленді.

Салтанатты рәсімде Мемлекеттік хатшы Сәбит Оразбаевты 85 жасқа толуына орай ізгі тілегін жеткізіп, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауларын оқып берді.

Сәбит Оразбаев – саналы ғұмырын театр сахнасына арнаған дарынды актер. Жарты ғасырлық актерлік қызметінде ол қазақ және әлемдік классикалық, заманауи драматургиядан 100-ден аса драмалық рөлдерде ойнады. Шығармашылық жолын комедия жанрында бастап, «Бөлтірік бөрік астында», «Құдалар келді», «Беу, қыздар-ай» спектакльдерінде шеберлігімен ерекшеленіп, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», А.Чеховтың «Ваня ағайында» жарқын бейнелерді сомдады.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ «Nomad Stunts» каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновпен кездесіп, белгілі қазақстандық каскадерді Дүниежүзілік каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді «Taurus» сыйлығымен марапатталуымен құттықтады.

Қ.Көшербаев бұл беделді халықаралық марапаттың Қазақстан каскадерлерінің жоғарғы шеберлігін мойындағаны ғана емес, қазақстандық мәдениет пен кино өнеріне қосқан зор үлесі екенін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы