Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сабақ кезінде өрт шықты: Солтүстік Қазақстандағы мектепте мұғалім күйіп қалды

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

10 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка қаласындағы мектептердің бірінде сабақ кезінде төтенше жағдай орын алды. Химия пәнінің мұғалімі 9-сынып оқушыларына тәжірибе көрсетіп жатқан сәтте күтпеген жерден жалын шығып, ұстаздың киімі өртенген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқушылар дереу әрекет етіп, жалынды сөндіруге кіріскен. Абырой болғанда, балалар зардап шеккен жоқ. Ал мұғалім екінші дәрежелі күйік алып, беті, кеуде тұсы мен қолдары жарақаттанған. Дәрігерлердің айтуынша, оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.

Бастапқыда ауруханада зардап шеккен әйел полицейлерге үйінде пеш жаққан кезде күйіп қалғанын айтқан. Бұл ақпарат күдік туғызбаған. Алайда жедел жәрдем шақырту журналында оқиғаның нақты орны – К. Салыков атындағы орта мектеп деп көрсетілгені анықталды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын растады.

Тексеру барысында 10 желтоқсан күні 24 жастағы әйелдің мектептегі сабақ кезінде химиялық тәжірибе жасау барысында жарақат алғаны анықталды. Тәжірибе кезінде шағын жарылыс болып, оның киімінің жеңі тұтанған. Жалын 9-сынып оқушыларының көмегімен сөндірілді, – деп хабарлады ведомство.

Ал облыстық білім басқармасында бастапқыда мұғалімнің күйік алуын тұрмыстық жарақат деп бағалаған. Алайда кейін полиция оқиғаның сабақ барысында болғанын растаған соң, қызметтік тексерулер басталды.

Қарау қорытындысы бойынша мектеп директорының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал химия пәнінің мұғалімі жұмысқа шыққаннан кейін сабақ барысында қауіпсіздік техникасын сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады, – деді білім басқармасында.

Оқиғадан кейін өңірдегі барлық мектептерде қауіпсіздік және өртке қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс нұсқамалар өткізілген.

Қызметкерлердің еңбек тәртібін күшейту және қауіпсіздік талаптарын сақтау жауапкершілігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылданды, – деп толықтырды ведомство.

Сондай-ақ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеріп, оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға бермек.

Өзгелердің жаңалығы