Қазақстанның соңғы жаңалықтары

С5+1: Сарапшы Қазақстан мен Қытай басымдық берген үш бағытты атады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
16 Маусым 2025, 14:33
1036
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Орталық Азия – Қытай екінші саммитінің маңызы мен күтілетін нәтижелер туралы ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

С5+1 форматы, яғни Орталық Азия – Қытай саммиті мемлекет басшылары деңгейінде екінші рет өткізілгелі отыр. Бұл экономикалық және геосаясат бағытында Қытайдың ықпалын күшейтетін саммит болмақ. Мысалы, жиын Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастарды институциоландыруға бағытталған. Өйткені осыған дейін болған алғашқы саммитте "Сиань декларациясы" қабылданған болатын. Бұл бағытта Қытай-Орталық Азия ортақ тағдыр қауымдастығын құруға міндеттемелер алынған еді, - деді сарапшы.

Оның сөзінше, енді екінші саммит осы құрылымды одан әрі дамытуы мүмкін.

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жаңа "алтын отыз жылдыққа" қадам басты. Ең бастысы, үш негізгі бағытқа басымдық беріліп отыр. Екі ел арасындағы серіктестік бірқатар бағытта дамып отыр. Олар: "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық жобалар, энергетикалық ынтымақтастық және көлік қатынасы. Осы бағытта Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл Қытайдың оңтүстік дәлізін дамытуға қосқан үлесі. Яғни Қазақстан орта дәлізді дамытып жатса, Қытай Орталық Азия елдерімен оңтүстіктік дәлізді балама, яғни Ресейдің транзиттік әлеуетіне тәуелділікті азайту бағытында осындай әртараптандыруды жүргізіп жатыр, - деп түсіндірді Майгелдинов.

Қытайтанушы атап өткендей, осыған дейін тауарлар Еуропаға тек Қазақстан арқылы өтетін болса, енді балама ретінде Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы жасалып жатыр.

Қазбек Майгелдиновтің пайымдауынша, энергетикалық ынтымақтастықта Қытай "Орталық Азия - Қытай" газ құбыры мәселесіне назар аударады. Қазір Таяу Шығыстағы мәселені ескеретін болсақ, Қытай мұнай өнімдерін Қазақстаннан бөлек, Ираннан тасымалдайтын. Енді осы бағытта Қазақстанмен де мұнай-газ саласындағы ынтамақтастық одан әрі тереңдеуі мүмкін. 

Тағы бір негізгі бағыт – көлік қатынасы. Қазір жүк теміржолмен, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" магистралімен тасымалданып жатыр. Енді Қытай осы жолдарды кеңейтуді назарда ұстайды. Өйткені қосымша құрғақ порттар ашу, арнайы мультимодаль бекеттер ашу бағытында жұмыстар жасалады, - деп айтты сарапшы.

Сөзінше, елімізге жаңартылған энергетика саласына инвестиция тарту қажет. Өйткені Қазақстан алдағы 5-6 жылда энергияны көміртексіздендіру сияқты бағыттарға баса назар аударып отыр.

Қазбек Майгелдинов С5+1 саммиті осыған дейін жасалған декларацияны құрылымдық деңгейде күшейтетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы