Сәтбаевтағы жағдай: Қыздың ата-анасы үндеу жасады

26 Шілде 2020, 11:50
3998
Бөлісу:
Сәтбаевтағы жағдай: Қыздың ата-анасы үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз, деді Айсезімнің ата-анасы. 

Сәтбаевтағы жағдай қоғам арасында үлкен алаңдаушылық тудырған соң, бүлдіршіннің ата-анасы арнайы үндеу жолдады. Үндеуді Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин өзінің Instagram парақшасында жариялаған.

Жезқазған,Сәтбаев қалаларының жұртшылығына Айсезімнің ата-анасының үндеуі!
Бірінші кезекте біз – Сүлеймен отбасы, атап айтқанда ата-анасы Өтеубай-Манара өз атымыздан қаланың жұртшылығы мен еріктілерге қызымызды іздестіруге атсалысып, үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз! Айсезімнің табылуына сіздердің септіктеріңіз тиді. Айсезімге және оның отбасына білдіріп жатқан жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңызға рақмет айтамыз. Қазіргі күні қызымыздың жағдайы мамандар тарапынан жақсы деп бағалануда. Бізбен психологтар мен арнайы дәрігерлер күнделікті байланыста отыр. Сондай-ақ біз ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен де тығыз байланыстамыз. Ол өз тарапынан қажетті мамандар мен реабилитациялық емханаларды табуға, сондай-ақ адвокат пен құқықтық қорғауды ұйымдастыруға көмегін тигізіп жатыр, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бүлдіршіннің ата-анасы реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығындардың бәрін өтеуге шешім қабылдаған Қазақмыс Корпорациясына алғысын білдірген.
Ерекше алғысымызды "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-іне білдіреміз. Компания басшылығы Айсезімді реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығындардың бәрін өтеуге шешім қабылдады. Сондықтан қаржылай көмекке мұқтаждығымыз жоқ. Біздің отбасының қаржылай көмекке мұқтаждығы жоқ, барлық психологиялық және қаржылай шығынды "Қазақмыс" өтеуге уәде берді, - дейді олар.

Сондай-ақ, Айсезімнің ата-анасы жалған ақпараттарды таратуды доғаруларуды сұрайды.

Тағы бір айтарымыз: қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Мұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді. Түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз, - делінген үндеуде.

Өзгелердің жаңалығы