СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды

17 Қыркүйек 2020, 09:40
2001
Бөлісу:
СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) ағымдағы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді шаралар қабылдануда: вакциналар алынды, індет тіркелген аумақтар залалсыздандырылуда, құстардың өлекселері жойылуда, құс шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды.

Ұлттық анықтамалық орталық қанаттылардың қырылуының себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтады. Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады. 

Елдегі эпидемиялық жағдайды шұғыл қалпына келтіру және құс тұмауының таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылғы 17 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ, бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді. Аса қауіпті ауруды жою үшін ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула-аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде, - делінген хабарламада. 

Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді. 

Арнайы комиссияның шешімімен ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді. 

Өңірдің эпизоотиялық жағдайы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.


Өзгелердің жаңалығы