Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстандағы кәсіпорындар Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің қажеттілігін ескере отырып, Петропавл ауыр машина жасау зауытымен және С.М. Киров атындағы зауытпен бірге келешектегі арнайы өнімді өндіру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев аталған зауыттар жұмысымен танысып, кәсіпорындар басшылығымен кездесті. Онда өндірістік қуат жүктемесін және өнім жеткізуді арттыру мәселелері талқыланды.
ПАМЖЗ – арнайы өнімнің, көпбейінді өндірістік қуаты бар мұнай-газ, энергетикалық және темір жол жабдығының қазақстандық өндірушісі саналады.
С.М. Киров атындағы зауыт электртехникалық өнімнің, байланыс құралдарының, қауіпсіздік жүйелері мен арнайы мақсаттағы өнімнің өндірісіне маманданады.
Одан басқа, Петропавлға жұмыс сапары шеңберінде Қорғаныс министрлігі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен "Жас сарбаз" балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігі арасында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум бірлескен іс-шараларды, бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға, әскери-патриоттық тәрбие саласында ақпарат пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қорғаныс министрі 2019 жылғы күзде Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жою кезінде қаза тапқан майор Ақышевтың ата-анасымен кездесті. Ол марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, әкесіне І-ші дәрежелі "Ел қорғаны" медалін табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, "Ел қорғаны" ведомстволық медалі 2017 жылдан бастап үлгілі қызметі мен мемлекет қорғанысына салмақты үлес қосқан әскери қызметшілерге беріледі.