Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев МАР Көне ескерткіштер және туризм министрі Халед Әл-Аннанимен кездесіп, екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырды.
Атап айтқанда, дипломат соңғы жылдары Қазақстаннан Шарм аль-Шейх пен Хургадаға тікелей чартерлік рейстер ашылуының арқасында Мысыр курорттарына келетін қазақстандық туристердің саны едәуір артқанын айтты.
Биылғы жылдан бастап, Мысырда кеңінен жүргізіліп жатқан ақпараттық-жарнамалық кампанияның арқасында мысырлық туристердің біздің елге келуге деген қызығушылығы да артуда. Осыған орай, елші екі ел арасындағы туристік ағымды кеңейту үшін мысырлық әуекомпаниялардың Қазақстанға тікелей әуе рейстерін ашуға қолғабыс беруді сұрады.Х.Әл-Аннани МАР Азаматтық авиациямен бірлесіп бұл мәселені жақын арада шешуге уәде етті, - делінген хабарламада.
Министрдің айтуынша, қосымша рейстердің ашылуы тек өзара туризмнің өсуіне ғана емес, екі ел арасындағы бизнес қатынастары мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жандануына серпін береді.
Бұған қоса, А.Исағалиев Ұлы дала елінің даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жаңғыртқаны үшін Мысырдың Үкіметі мен Көне ескерткіштер және туризм министрлігіне зор алғыс білдірді.
Қазіргі кезде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аталмыш жобаның бас мердігері – Мысыр мен Таяу Шығыстағы ең ірі "Arab Contractors" құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, мешітті реставрациялау жұмыстары толығымен 2020 жылғы шілдеде аяқталуы тиіс.