Русофобия. Жаны қазақ өзге ұлттарға ауыр тиді – Оксана Әубәкірова

Русофобия. Жаны қазақ өзге ұлттарға ауыр тиді – Оксана Әубәкірова

2022 жылдың күзінде Ресей Президенті Владимир Путин елде мобилизация жариялады. Оның әсерінен 500 мыңдай ресейлік Қазақстанға көшуге мәжбүр болды. Алайда, ел жастары әлеуметтік желілерде ресейліктердің Қазақстанға көшуін құп көрмей, бірқатар қарсы контент жасаған болатын, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Кейін Ресейлік жалпы БАҚ-та «русофобия» басты тақырыпқа айналды. Тіпті телеарнадағы жобаларының бірінде Қазақстанда орыс тілінің қолданысы тарылып бара жатқанын айтып, елімізді айыптаған еді. Шын мәнінде, елімізде «русофобия» бар ма? Өзіміздің орыстар не ойлайды? Олар мұны қалай қабылдады? Бұл айыпты таққыштар неге көбейіп кетті? «City Transportation Systems» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Оксана Әубәкіровамен әңгімелескен едік. 

- Қазақстан Ресеймен тығыз қарым-қатынаста, екі елдің байланысы берік. Алайда, қоғам ортасында «русофобия» түсінгі таралып жүр. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? Жалпы, мұндай түсінік көрші елдердің арасында болуы керек пе? Өзіңіз де өмірде мұндай азаматтарды кезіктірдіңіз бе? 

- Жалпы «фобия» деген жақсылықтың белгісі емес. Ал «русофобия» бүгін қалыптасқан сөз емес. Тек соңғы жылдарда белең ала бастады. Өкінішке қарай, оған бәріміз куәміз. Әрине ұлты орыс, жаны қазақ болып қалыптасып кеткен қазақстандықтарға бұл ауыр тиді. Өз басыма – жиіркенішті. Кейбір ақылсыздардың немесе ойланбастан айтқан сөзі мен ісінен басқа адамдар зардап шегеді. Одан қашып құтыла алмаймыз. Тек өз мысалымызбен бір адамның болса да ойын жақсы жаққа өзгертсек, соның өзі үлкен жетістік. Көрші тату болуы керектігі заңдылық. Бүгінгі заманда «Адам күні – адаммен» дегенді ұмытып барамыз. Телефонға үңіліп, жан-жағымызда болып жатқан нәрселерді байқамаймыз да. Бәріне интернет кінәлі деп тұрған жоқпын. Адамдарды түріне, нәсіліне қарай бөлу «өткен ғасырдың» тірлігі дегім келеді. 

Маған қатысты «русофобия болды, болып жүр» десем дұрыс емес болар. Кішкентай кезімізден түрлі жағдайға кезіктік. Оның бәрін «русофобия» деп қабылдасам, жан-жағын жек көретін адам болып қалыптасар едім. Жоқ, мен кез келген іс болсын, сөз болсын жақсыға айналдырып кетуге тырысамын. Мәселен, соңғы кезде көп жерде маған қарап қазақша сөйлейді. Шашым сары, көзім көк болғанына қарамастан. Оған мен неге ренжуім керек?! Адам өз мемлекеттік тілінде сөйлеп тұр. Мен де алаңсыз қазақша жауап беремін. Сонда кейбірі гүлдей жайнап кетеді, ал кейбірі жақтырмай сол күйі қатып тұрады. Оған мен неге ренжуім керек? Мүмкін ол адамның менсіз-ақ көңіл-күйі жоқ шығар, не бір жері ауырып тұрған шығар?! Сылтау көп болуы мүмкін. Ал мен орыс екенмін, айтқан сөзге бұлқан-талқан болуым керек шығар деген ой да келмейді басыма, ондайды түсінбеймін.

- Мәселе, (русофобия) соңғы кезде халықтың өз құқығын біліп қазақ тілін талап ете бастауынан шығып отырған жоқ па?

- Бізге сырттан біреу келіп немесе үйміздің есігін қағып, ештеңе жасап бермейді. Ал заңды білген ешкімге артық етпейді. Тек «маған көзқарас өзгеріп барады» деп ренжімесек болғаны. Өйткені «орыс» десе оған түрлі ұлттар да еніп кетеді. Өйткені, біреуді ренжіткісі келген адам оны «қай ұлтсың?» деп ажыратып тұрмайды. Таяқтың екінші басы басқа славян ұлттарына тиеді. Соны есте сақтасақ деймін. Адамгершілік бар болса, ұлтқа қарап оны кемсіту не жек көру өтіп кеткен заман. Осыны қайталаудан жалықпаймын.

- Оксана сізді қазақ қоғамына сіңген тұлға көремін. Жалпы, «қазақ» болу деген не сіздің түсінігіңіз бойынша не? Фамилияңызды да ауыстырдыңыз, бұған көпшіліктің көзқарасы қалай болды?

- «Қазақ болу» дегенді сипаттауға бірнеше парақ жетпейтін шығар. Күйеуге шығып, ата-енеммен бірге тұрғалы көп нәрсе түсіндім. Алдымен өмірді түсіндім. Ата-енем сондай кең пейіл, ақжарқын адамдар. Өзіндегі соңғысын біреуге беріп қоюға әзір. Беріп қояды да! "Қазақ" деген осы шығар, яғни басқада "болсын" деген. Мәселен, жол жүріп келе жатып жайылып жүрген қой, қара мал, жылқыны көрсеңіз көңіліңіз көтеріледі емес пе?! Ол нені білдіреді? Бұл жердің халқының жағдайы жаман емес екен. Бұрындары қонақ келсе, міндетті түрде қой сойылатын, жаңа туған не қонаққа келген балаға мал атайтын қазақ. Бұл да үлкен философия! Осы "болсын" дегенді ұмытпасақ, қазақты ешкім жеңе алмайды!

Фамилияма қатысты түрлі ой болды. Біреу жақтаса, басқасы даттады. Болған іске қатысты бірдеңе деу – сөз шығын. Бірақ өз ойын білдірген әр адамға разымын. Өйткені ол адам ойланды, ерінбей жазды не айтты. Өз көзқарасын ашық білдіре алатын жан ақ пен қараны да ажырата алады деп сенемін.

- Ал Жаңа Қазақстан ше... Былтырдан бері қандай да өзгерістерді сезіндіңіз бе? 

- Адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі екенін байқадым. Түсінем, бір күнде бәрін сызып тастап жаңалау мүмкін емес. Тігін тігудің өзі үлкен шыдамдылықты, тиянақтылықты және уақытты қажет етеді. Ал адамға көп күш беретін – сенім. Қазір халықта сенім мен үміт бар. Қазақстан ауасы таза, азық-түлік қол жетімді бағада, халқы бейбіт өмір сүрсе, заң бәріне бірдей қолданылса, Асан қайғының философиясындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман тумай ма?! Меніңше бұл утопия емес! Халықта жұмыс, нақты айтқанда іс болса, қалғанын өз-ақ жөнге келтіріп алады.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Бөлісу: