Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн брифинг барысында ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов айтты.
2018 жылдан бастап министрлік "Жомарт жүрек" сыйлығын тағайындап, жыл сайын қайырымдылыққа жақын азаматтарға ұсынып келеді. Олардың ішінде туған өлкесіне ерекше үлес қосып жүрген тұлғалардың орны бөлек. Бағдарламаны іске асырудың 3 жылында 12 мың меценат азаматтың демеушілігімен 270 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. Оның ішінде 2600-ден астам түрлі әлеуметтік-рухани маңызы бар нысан салынып, 2142 нысан қайта жөнделді, - деді ол.Тлепов айтып өткендей, биылғы қиындықтарға қарамастан, бұл жұмыс жалғасын тапты.
Өңірлерде 2131 демеуші азаматтың көмегімен 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет нысаны, 36 спорт және 36 балалар алаңы бар. Бұл жұмыс алдыңғы уақытта да жалғасын табады. Министрлік пен жергілікті атқарушы орган ол үшін қажетті жағдай жасайды. Осы уақыт аралығында бағдарламаның бірыңғай ақпараттық жүйесі қалыптасты, - деді ол.Тлепов айтқандай, "Рухани жаңғырудың" болашағы атқарылған іс-шаралардың ұзын санына да, парақ-парақ тізіміне де тәуелді емес.
Біз санамыздағы қажетсіз әдеттер мен тіл мен ділдің қадірсіздігінен, талғамсыз салт пен дарақы дәстүрлерден дер кезінде арылмасақ, жаңа әлемнің өркениетті жетістіктерінен үмітіміз де аз. Министрліктің алдында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр. Ол - қазақстандықтардың қазіргі жағдайдағы сын-талаптарға төтеп бере алатын, жеке кәсіби дағдыларын дамытатын іс-шаралар, - деді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін вице-министр іс-шаралардың санына емес, сапасына мән берілетіні туралы айтқан еді.