Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша арнайы жоспар әзірленді. Оған 145 жоба кірді, оның ішінде 174 іс-шара осы бағдарлама тұжырымдамасына сәйкес атқарылды. Бұл туралы Алматы қаласы "Рухани жаңғыру" жобалау кеңсесінің басшысы Гүлнар Қоңырова брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, жобалық офисте 4 бөлім жұмыс істейді. Негізгі жұмысы өңірлік іс-шараларды ұйымдастыру, оларды сараптап, мониторинг жүргізу. Сонымен қатар, республикалық іс-шаралар жобасына ұсыныс енгізіп отыру.
Үкіметтік жобаға бізден 142 іс-шара қосылды. Осылайша 2019 жылы Алматы қаласында 140 жоба жүзеге асты. Негізгі жобадан тыс тағы да 237 іс-шара ұйымдастырылды, оның 12-сі республикалық маңыздағы шара ретінде өткізілді, - деді ол.
Гүлнар Қоңырова сөз арасында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы негізгі 6 жобадан тұратынын, соның ішінде "Туған жер" жобасы бойынша 2017 жылдан бері демеушілердің көмегімен қалада 46 нысан салынғанын айтып өтті.
"Туған жер" арнайы жобасы кіндік қаның кесілген жерді меценат пен волонтерлерді тарту арқылы дамытуға арналған. Сондықтан бізде қайырымдылық іс пен волонтерлік қызмет бойынша арнайы бөлім жұмыс істеп жатыр. Демеушілермен жұмыс істеу кезінде 180-ге жуық жеке және заңды тұлғалардың базасы жасалды. 2019 жылы осы "Туған жер" жобасы бойынша 108 жоба іске асырылды. Яғни, меценаттар көмегінің арқасында орталық мәдени демалыс орындары мен мектептерге, балалар клиникалық емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, 29 спорттық және балалар алаңы жасалды. Дәл қазіргі уақытта "Асыл мирас" қоғамдық қайырымдылық қорының көмегімен Ботникалық баққа жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл бақ осы жылдың жазында ашылады деп отырмыз, - дейді жобалау кеңсесінің басшысы.Сондай-ақ ол қазір қала көшелерін жаңғырту ісіне де меценаттарды тарту жалғасып жатқанын айтты.
Елбасының тапсырмасымен елімізде 2017 жылдан бері "Рухани жаңғыру" бағдарламасы іске асуда. 2019 жылы Алматы әкімінің қаулысына сәйкес Алматы қаласы "Рухани жаңғыру" жобалау кеңсесіне жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәртебесі заңды түрде беріліпті.
Бүгінгі күні жобалық офис "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асырылуына толыққанды үйлестіріп отыратын ұйым.