Астана, BAQ.KZ тілшісі. Серікгүл – бота көзді, толқын шашты, қайсар мінезді бойжеткен еді. Дәрігерлер оның өмірге келуіне қарсы болған, себебі мүгедек ата-анадан он екі мүшесі сау сәби дүниеге келетініне сенбеген. Бірақ тағдыр жандары жабырқау отбасыға ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз сыйлап, бақытын еселеді. Бұл мақала – аз ғұмырында көп қуаныш сыйлап кеткен гүл-ғұмыр туралы болмақ...
Серік Өтепов – Қызылорда облысы, Арал қаласының тумасы. Нәзігүл Сарыбаева – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының тумасы. Серік – І топ мүгедегі, Нәзігүл – ІІ топ мүгедегі. Екеуі 1991 жылы Қазақ радиосында болатын «Саламатсыз ба, замандас» бағдарламасы арқылы танысып, көңіл қосқан.
Саламатсыз ба, замандас
«Туған кезімде он екі мүшем сау еді. 6-7 жасымда сырқаттанып қалып, дәрігерлер ота жасаған кезде бір тамырымды кесіп кеткен болуы керек – денемнің сол жақ бөлігі уақыт өте келе қисая бастады. Мектепте балалар мені «Мас адам» деп мазақтап, талай шекісіп қалған кездерім болды. Мектеп бітіргеннен кейін етікші болдым. Одан кейін бухгалтерлік курс бітіріп алдым. Кейін фотограф курсын бітіріп, екі жыл бойы суретке түсірумен айналыстым. Кейін Ресейге барып, «Ауыл шаруашылығы бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқу бітірдім. Отыздан асқан кезде үйленіп, отбасы құру туралы ойлар келе бастады», - дейді Серік Өтепов.
Сөйтіп 1991 жылы Қазақ радиосының «Саламатсыз ба, замандас» бағдарламасына хат жазады.
«Мен ІІ топ мүгедегімін. Өзім тағдырлас адаммен көңіл қосып, отбасы құрғым келеді» деп хат жаздым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ге жуық хат келді. Сол хат иелерінің ішінде Нәзігүлмен жиі хат алмасып тұратын болдым. Арада бір жылға жуық уақыт өткенде оны туған күніме қонаққа шақырдым», - дейді Серік аға.
Ұшарға қанатым жоқ, не қылайын?
17 сәуір – Серік Өтеповтың туған күні еді. Нәзігүл туған күнге жолдың ұзақтығына байланысты бара алмайтынын туралы хат жазады.
«Нәзігүлден «Барар едім, ұшарға қанатым жоқ» деген хат келді. Олай болса ғашығыма өзім баруды жөн санадым да, баратыным туралы хат жаздым. Ешкімге айтпай, жолға шығып кеттім. Мені қарындасым шығарып салды. Алдымен пойызға отырып, Алматыға жетіп алдым. Алматыдан Зайсан қаласына ұшақпен бардым. Ары қарай автобусқа отырып, Сарытерек ауылына жетіп алдым. Одан ары Көгедай ауылына жаяу жеттім», - дейді ол.
Хат жазғанда сондайсыз – сөйлесеңізші
Серік ауылға өзі жазған хаттан бұрын жетіп алған екен. Ол ауыл маңында қой бағып отырған ападан Нәзігүлдің үйін сұрайды. Апа қой бағуды немересіне тапсырып, өзі Нәзігүлдің үйіне қарай бет алады.
«Көгедай – шағын ауыл екен. Жұрттың бәрі маған қарап тұр. Өзімді ыңғайсыз сезіндім. Нәзігүлдің үйіне жеттім-ау ақыры. Қарсы алдымнан әкесі шықты. Менің Нәзігүлмен хат жазысып жүретінімді біледі екен. Мені қызының бөлмесіне кіргізіп, өзі шығып кетті. Нәзігүлді сол кезде алғаш көрдім. Ұяң мінезді екен. Оған «Хат жазғанда сондайсыз, неменеге үндемейсіз?» деп қалжыңдадым. Содан әңгімеміз жарасып кетті», - дейді Серік аға.
Орда бұзатын жастан асқан жігіт Нәзігүлдің ата-анасы, аға-бауырларына алыстан ат терлетіп келуінің себебін айтып, баталарын алып, ғашығын бірден Аралға алып кетеді. Аралдағы туыстары ол өзімен бірге тосын сый алып келе жатқанын білмеген еді.
«Қалыңдық алып келгенімді көрген ата-анам қаттты қуанып, той жасады. Уақыт өте келе жарымның денсаулығы сыр бере бастады. Дәрігерлер оған Аралдың ыстығы жақпайтынын айтты. Мен үшін ең бастысы – оның дені сау болуы. Ата-анам, туған-туыстың рұқсатын алып, Көгедайға кеттік», - дейді ол.
«Ең дұрысы – жасанды түсік»
Арал қаласында көпқабатты үйлердің бірінде тұрған Серік үшін ауылда тұру оңай болмаған. Дегенмен ел қатарлы төрт түлігін түлетіп, тауық, қаздан бастап жылқыға дейін бағып үйренген.
«Күндердің бір күнінде Нәзігүлдің аяғы ауыр екенін білдік. Дәрігерлер оның өмірге сәби әкелуіне үзілді-кесілді қарсы болып, «Екеуіңіз де мүгедексіздер, баланы қалай бағасыздар?! Ең дұрысы – жасанды түсік жасау» деді. Біз олай етуден бас тартып, сәбиімізді өмірге әкелетінімізді айттық. Ниетімізге қарай, жүктілік кезеңі де жақсы өтті. Тоғыз ай көтеріп, айы-күні толғанда кесарь тілігі арқылы босанды», - дейді Серік Өтепов.
Серіктің гүлі
Серіктің гүлі
Серікгүл алғыр, зерек, өжет мінезді болып өседі.
«Қызымды өзімнің гүліме балап, есімін «Серікгүл» атадым. Бұл да бір Құдайдың құдіреті шығар, қызымыз еңбектеместен бірден жүріп кетті. Тіпті басқа сәбилер сияқты «кіш» етіп қоймайтын. Оның өмірге келгені үшін шексіз шүкіршілік еттік. Күлгені, сөйлегені, менімен қылыштасып ойнағаны – бәрі-бәрі жаныма жылу сыйлайтын. Мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы медициналық колледжге түсті. Сол жақта өзінің ғашығын кездестірді», - дейді ол.
Серікгүл ұнататын жігіті бар екенін айтқан кезде ата-ананың жүрегі шымырлап, көздеріне жас алған. Мәпелеп өсірген қыздары күндердің бір күнінде жат жұрттық болып кетуін сезіну оңай ма?
«Қызым жігітімен таныстырып, менің пікірімді сұрады. Азамат есімді жігіт – Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылының баласы екен. «Сені ешкімге кимаймын, бірақ бұл жақсы бала екен» дедім. Сол кезде қызым «Әке, көңіліңізге жақпаса – бірден айтыңыз. Мен сіздің бір ауыз сөзіңізді жерге тастамаймын. Адамдарды Сіз жақсы танисыз ғой...» деді. Қысқасы, көп ұзамай қызымызға құда түсіп келіп, екі жақта да той жасадық. 20 жастағы қызым алғаш рет жаңа жылды бізбен емес, күйеубаламызбен Алматыда қарсы алды», - дейді Серік аға көзіне жас алып.
Күтпеген дерт – қан рагы...
Серікгүл Алматыға кетерде аудан орталығы – Зайсан қаласына барып, сол кездегі аудан әкімі Серік Зайнулдинге кіріп, жағдайды түсіндірген екен. Ата-анасы мүгедек екенін, өзі қалаға кетіп бара жатқанын, мүмкіндік болса оларға қаладан бір бөлмелі пәтер алып беруін сұрайды. Аудан әкімі оның сөзін жерге қалдырмай, оларға 1 бөлмелі пәтер кілтін табыстаған.
«Қызымыздан көп жақсылық көрдік. Нәзігүлдің екі көзінің де көруі нашарлап бара жатқан еді. Қызымыз жүгіріп жүріп, квота алып, бір көзіне ота жасатты. Ал екінші көзіне ота жасатар кезде қызымыздың өзі дертке шалдығып қалды...», - дейді Серікгүлдің әкесі.
Қызымен жиі сөйлесіп тұратын әкесі оның күні бойы үйде жата беретінін байқаған. Себебін сұраған кезде Серікгүл бойын әлсіздік билеп, кереует жинаудың өзі қиынға соғып бара жатқанын айтқан.
«Бірде қызыма «Дәрігерге қаралшы» деп айтып едім, «Әке, дәрігерге қаралдым. Маған «лейкоз» (қан рагы) деген диагноз қойды. Мен сенбей отырмын, дәрігерлер қателескен болуы мүмкін ғой?» деген жауап алдым. Бұл жаңалықты естіген анасы алып ұшып Алматыға жетті», - дейді ол.
Үміт үзілмейді
Химиятерапия алғандықтан, анасы барған кезде Серікгүл бірде есін білсе, бірде есін білмей жатыр екен. Алыстан келген анасын көргенде қуанып, құшағына алыпты.
«Қызымның жағдайы ауырлап жатқанда мен қалай үйде отырайын? Мен де Алматыға бардым. Мені көрген қызым қуанып, аурухана дәлізінде ары-бері менімен бірге «серуендеп» жүрді. Көзінде нұр ойнап, толқынды шашын жайып, жайнап кеткен кезінде сауығып кететінінен күдер үзбей, үміт оты оянатын. Дәрігерлер оны Астанадағы ауруханаға апару керектігін айтты. Ол үшін ауылға барып, қызымды тұрғылықты мекенжайынан шығаруым керек болды. Сөйтіп Астанада кездесеміз деп келісіп, Зайсанға кетіп қалдым», - дейді Серік Өтепов.
Жылама, Серік, жылама...
Серік Зайсанға кеткенде қызы мен анасы Астанаға жол тартады. Әкесі қызын дәл осы жолы соңғы рет көргенін сезбеген еді...
«Зайсанға жеткенше мазам қашты. Қызым ойымнан шықпады. Үйге келіп, Нәзігүлге хабарласып едім, ол жылап тұрды. Не болғанын сұрасам бәрі жақсы екенін айтады. Аяғым дірілдеп, жүрегім шаншып тұрған кезде үйге бір топ туыстар кіріп келді де «Серік, жылама, жылама...» деп маған көңіл айтты...».
Нәзигүл Серікке бірнеше рет хабарласып, қайғылы жағдай туралы айта алмаған. Өмірден озып кеткен қызы үшін жүрегі қарс айырылып тұрған ана бұл жағдай туралы естіген кезде өмірлік серігі қандай күйде болатыны туралы да уайымдап тұрған.
«Қызым жатқан палатада түнгі 1:00-ге дейін отырдық. Ол ауа жетпей жатқанын айтып, терезені аштырып қойды. Біз мазасын алмайық деп үйге кеттік. Оның жанында күйеубалам – Азамат қалды. Таң ата ол Серікгүл жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Бізді ол жерге кіргізбей қойды. Үшінші қабаттағы дәрігердің кабинетіне көтеріліп, мән-жайды сұрағанымда, «қызыңыздан айырылып қалдық...» деді. Көзім бұлдырап кетті, ары қарай не болғанын білмеймін. Есімді жисам, бірінші қабаттағы орындықта отыр екенмін. Мұндай жағдайда босаңсуға болмайтынын түсініп, есімді жиып, дәрімді ішіп, Серікке хабарластым. Бірақ естіртуге аузым бармады, одан кейін төркініме хабарластым...»
Жазмыштан озмыш жоқ
Серік пен Нәзігүл 21 жыл бойы қуаныш сыйлап, ана, әке болу бақытын сезіндірген қыздары – Нәзігүлге алғыс айтады. Олар жазмыштан озмыш жоқ екенін, қысқа уақыт болса да қастарында болған қыздары үшін Жаратқанға мадақ айтады.
«Ең алдымен, ана, әке болу бақытын сезіндіргені үшін қызымызға алғыс айтамыз. Керек кезде қуаныш сыйлап, керек кезде жанашыр, керек кезде пана бола білгені үшін оған айтар алғысымыз шексіз. Біздің қызымыз – алтын қыз, біздің қызымыз – асыл қыз. 21 жыл бойы қасымызда болғаның үшін рақмет. Сен біздің жүрегіміздесің...», - дейді марқұм Серікгүлдің әке, анасы.
Серікгүл қалдырған шегіргүл...
Бойжеткен өмірінің соңында өзі жатқан палатада шегіргүл (фиалка) өсірген екен. Ол өмірден өткеннен кейін анасы сол гүлді үйіне алып барып, өсірмек болған.
«Қандай гүл ексем де өспейтін болды. Жүрегім толы өкпе, реніш болғандықтан ба екен – ешбір бөлме гүлі бүр жармады. Уақыт өте келе қызымыздың қасымызда болғаны үшін шүкір етіп, бәрі тағдырдың жазуы екенін түсінгеннен кейін бе – қандай гүл ексем де жайқалып өсетін болды», - дейді Нәзігүл.
Нәзігүл гүл өсірумен әуестеніп қана қоймай, бос уақытында сурет салумен айналысады. Оның үйіндегі суреттер мен жылқы, гүл және басқа да қолдан жасалған мүсіндердің бәрі Нәзігүлдің қолынан шыққан. Оның туындылары аудандық деңгейдегі жәрмеңкелерде сатылымға қойылады. Оны ары қарай өмір сүруге жетелейтін де осы өнер болса керек...
Зарина Қаһарман
Фото: автор
Видеооператор: Кенжетай Ақсейт