Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында облыста 7 балабақша ашылған. Сәйкесінше, 915 балдырған балабақшамен қамтылды. Биыл 265 балаға арналған мектепке дейінгі мекеме Рудный қаласында салынады.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қостанайда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде оқу-ағарту саласының қызметкерлерінің қатысуымен өткен алқалы жиында талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк қазіргі жағдайға тоқталып, үш жасқа дейінгі балаларды бөбекжаймен қамту әлі де өзекті мәселе болып тұрғанын айтты.
«Қазіргі таңда өңірде 603 мектепке дейінгі мекемеде 35 мыңнан артық балдырған тәрбиеленуде. 0-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші – 91,2% (республикада – 90,9%), ал 3-6 жастағылар – 99,7% (республикада – 95,2%). Үш жасқа дейінгі сәбилерді бөбекжаймен қамту мәселесін қосымша топтар мен шағын орталықтар ашу жұмыстары арқылы шешу көзделіп отыр. Ол үшін 2 млрд 421 млн теңге керек», - деді Василий Цымбалюк.
Оның айтуынша, жеті ауданның мектептеріндегі 15 шағын орталық жыл аяғына дейін толық жұмыс күні режиміне ауыстырылмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік те мәселені шешуге ықпал етуі тиіс. Басқарма басшысы 2019 жылы осы механизммен Рудный қаласында құны 600 млн тұратын 265 орындық балабақша бой көтеретінін мәлімдеді.