Руанда Үкіметі Ұлыбританияны мигранттар жөніндегі екіжақты келісімді орындамағаны үшін Нидерландыдағы Аралық соттың Тұрақты палатасына (PCA) шағым түсірді. Кигали Лондонды келісім бойынша тиесілі деп санайтын өтемақыны төлеуден бас тартты деп айыптап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Бұрынғы консервативті үкімет тұсында қабылданған келісім аясында Ұлыбритания баспана іздеушілерді Руандаға жіберіп, бұл үшін қаржылай қолдау көрсетуге міндеттенген. Алайда 2024 жылы премьер-министр Кир Стармер бұл бағдарламаны тоқтатып, болашақта жоспарланған 220 млн фунт стерлинг төлем жасалмайтынын мәлімдеді.
Жалпы алғанда, Ұлыбритания Руанда бағдарламасына шамамен 700 млн фунт жұмсаған, оның 290 миллионы аударылған. Келісім күшіне енген кезеңде Руандаға тек төрт ерікті мигрант барған.
Руанда тарапы төрелік келісім шарттық міндеттемелерді нақтылау үшін қажет екенін айтса, Ұлыбританияның Ішкі істер министрлігі бұрынғы саясатты «салық төлеушілер қаражатын ысырап ету» деп бағалады.
Аралық соттың Тұрақты палатасы істі қарау мерзімін әзірге жариялаған жоқ. Сарапшылар төрелік процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін айтады.