Көрмені Астана қонақтары мен тұрғындары тегін тамашалай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Сырым Қасенов Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев құрдас болғанын айтты. Екеуі де 1924 жылы туған.
Көрмеде Ұлттық музей қорынан Нұрмағамбетов пен Қошқарбаевтың фотосуреттері, архивтік құжаттары, жеке заттары, сонымен қатар қару-жарақтар, дивизия тулары, ҰОС ардагерлерінің ордендері, медальдары, хаттары көрсетіледі және Астана қаласының Мемлекеттік архивінен құжаттар қойылды, – деді ол.
Қос батырдың 100 жылдық мерейтойларына арналған көрме «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» деп аталды. Осы атаумен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен дөңгелек үстел де өтеді.
Дөңгелек үстелге Ұлттық қорғаныс университетінен Ақшолақов, Тойбазаров сияқты бірнеше ғалым келіп отыр. Мемлекеттік әскери-тарихи музейден Умралин, Күмісова сияқты белді ғылыми қызметкерлер, Астана қалалық архивінің директоры бастаған бір топ ғалымдар және Евразия ұлттық университетінің профессор-ғалымдары қатысқалы отыр, – деді ғылыми қызметкер.
Іс-шара мақсаты – қазақ халқының даңқты батырлары С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың неміс басқыншыларына қарсы соғыс жолындағы теңдессіз үлесін насихаттау мен олардың қайраткерлік, батырлық жолдарын бүгінгі өскелең жас ұрпаққа дәріптеу.