Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғарыш қызметі жөніндегі «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті Ресей Федерациясымен ғарыш саласындағы, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметі жөніндегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.– Кеше ғана мен Ресей Федерациясына сапармен барып келдім. Сапар табысты болды деп бағалаймын. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен маңызды келіссөздер өткізілді. Соның ішінде Сіз жетекшілік ететін сала жөнінде де әңгімелестік. Қазір тиісті жобалар екі тараптың да қарауында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Қазақстан Президентіне «Прогресс-МС11» жүк кемесінің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансасына сәтті ұшырылғанын мәлімдеді.
– Біз кеше әлемдік рекорд орнаттық. Бұған дейін көлік кемесі немесе экипаж Халықаралық ғарыш стансасына көп айналмалы сызба бойынша екі тәулік ішінде жететін. Кеше ғарыш кемесі Жерді екі рет айналды. Оның стансаға жақындауы және түйісуі 3 сағат 21 минут ішінде жүзеге асты. Мәскеуден Байқоңырға дейін үш сағаттай ұшамыз, енді Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына да шамамен сонша уақытта жетуге болады. Қазір алдымызда одан да қысқа сызба жасау міндеті тұр, – деді Дмитрий Рогозин.
Кездесуде тараптар ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» ғарыш жобасының іске асырылу барысын талқылады.