Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен Корея Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы кореялық іскер топтардың өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Тараптар қолданыстағы жобалар бойынша бірлескен жұмысты, сондай-ақ Қазақстан-Корея стратегиялық экономикалық және инвестициялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады.
Кореялық тарапты 15-ке жуық ірі компания: «Lotte Confectionery», «Medical Partners Korea», «Dongil Construction», «Samsung Electronics», «Daewoo Bus Company», «Mark Point», «POSCO», «SK E&C», сондай-ақ «KHIDI» өнеркәсіп және денсаулық сақтау даму институты және «KOTRA» сауданы ынталандыру агенттігі сияқты ұйымдардың және т.б. басшылығы ұсынды.
Кездесу барысында кореялық компаниялардың басшылары қолданыстағы жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісті, Қазақстан экономикасының басым секторлары – құрылыс, тау-кен металлургиясы кешені, ақпараттық технологиялар, энергетика, машина жасау және т.б. салалардағы жаңа инвестициялық жоспарлары туралы айтты.
Қазақстандық тарап екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктеріне назар аударылды.