Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана» премьер-лиганың 20-турында өз алаңында «Тараз» командасын 4:0 есебімен жеңіске жетті. Осы ойыннан кейін елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
– Бүгінгі ойынның нәтижесі команда үшін өте маңызды. Қазір баспасөзде және жанкүйерлер арасында командаға өте жоғары қысым көрсетіліп жатыр. Дегенмен, жігіттер бүгін жарады. Осындай қиын сәтте олар жұдырықтай жұмылып, маңызды жеңіске қол жеткізді.
– Бүгін алаңға Дидар Жалмұқан шықты. Егер «Астана» ірі есеппен ұтып жатпағанда мүмкіндік берер ме едіңіз?
– Тіпті, 0:1 есебімен жеңіліп жатсақ та, мен оған сенім артатын едім. Дидар өте талантты ойыншы. Ол тіпті Қазақстандағы аса талантты ойыншылардың бірі дер едім. Алайда, оған осы талантты әрі қарай дамыту қажет. Біз Дидармен біріге отырып, оны толық ашу үшін жұмыс істеуге тиіспіз.
– Бүгін команда маусымда алғаш рет құрамға өзгеріс жасады (ротация). Бұл Гурманның бас директоры қызметіне тағайындалуымен байланысты ма?
– Михаил Гурман негізгі құрамды таңдауға мүлде араласпайды. Бұл толықтай менің құзырымдағы мәселе.
– Мубеле осы ойында нәтижелі пас беріп және өзі де гол соқты. Бірақ соған қарамастан әлі де толық бабында емес секілді...
– Ол команда құрамына сіңісіп үлгермеді дей алмаймын. Фирмин – командаға тез бейімделіп кететін, спорттық бабында жүрген футболшы. Оның біздің қатарымызға қосылғанына аз ғана уақыт болғандығына қарамастан, команда алдына қойған мақсаттарына көмектеседі деп сенеміз. Ол дәл қазіргі уақытта 60-70% ғана дайын.
– Жастар туралы әңгімені жалғастырсақ. Әрбір матчта хаттамаға 1999-2000 жылы туған бірнеше футболшы тіркеп қоясыз. Дегенмен, олар алаңға шықпайды. Сонда қашан тәжірибе жинап үлгереді?
– Клубта жас ойыншылармен жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Олар негізгі құраммен жаттығу жұмыстарын жасайтын керемет мүмкіндікке ие. Біз олардың мүмкіндіктерін өте жақсы білеміз және оларды әрдайым қадағалап келеміз. Жас ойыншылар жақын уақытта премьер-лига деңгейіндегі футболшылардың қатарына қосылады деп үміттенемін.
– Соңғы кездері командаға қысым көп. Бұған не айтасыз?
– Бұл қысым маған мүлде әсер етіп жатқан жоқ. Себебі, менің футболдағы тәжірибем жеткілікті. Өз еңбек жолымда көп жағдайларды бастан өткердім. Сондықтан дәл мұндай жағдайларға сабырмен қараймын.
– Ұзақ уақыт бойы қорғаныс шебінде ойнаған Юрий Логвиненко осы маусымда жартылай қорғаушының міндетін атқаруда. Оның алдағы уақытта орталық бұрығы позициясына қайта оралуы мүмкін бе?
– Юрий – өте сыйлы футболшы. Сондықтан, біз қазір оған мінездеме бергеніміз дұрыс емес. Бір ғана айтарым, ол команда сапында үш бірдей позицияда ойнауға қауқарлы.