Алматыда өткен Daryn FIRST Qualifier 2026 робототехника фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Байқауға Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарынан, сондай-ақ мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 200-ге жуық команда мен 1500-ден астам оқушы қатысты.
4 пен 18 жас аралығындағы қатысушылар екі күн бойы инженерия, бағдарламалау және робототехника бағыттарында білімдері мен практикалық дағдыларын сынға салды. Фестиваль FIRST халықаралық бағдарламасының төрт санаты бойынша өтті.
2025-2026 оқу маусымының тақырыбы археологияға арналды. Қатысушылар мәдени мұраны сақтау, тарихи деректерді цифрландыру және археологиялық зерттеулерге арналған инженерлік шешімдер ұсынды.
Нәтижесінде 29 үздік команда Kazakhstan Central Asia FIRST Championship 2026 чемпионатына жолдама алды. Халықаралық жарыс 2026 жылғы ақпан айында Астана қаласында өтеді.