Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зайытов өз сауалында еліміздегі мәдениет саласы қызметкерлерінің мәселесін көтерді.
Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және Отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 музей, 3 891 кітапхана бар, - деді депутат.
Ол басқа да өнер ұжымдары барын қоса кетті.
Бүгінгі күні еліміздің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырып жатырмыз. Мәдениет саласы қызметкерлері дегеніміз - тек сахнада ғана өнер көрсететіндер емес. Солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары, - деп атап өтті Ринат Зайытов Мәжісте.
Оның сөзінше, осы еңбек адамдары әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ.
Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Алматы қаласындағы құрылыс мәселесіне қатысты сұрақ қойды.