Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті

9 Қазан 2024, 15:58
776
Бөлісу:
Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті
VIDEO
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкіметтен феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі жолданатын сауал – шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы деп түсініңіздер. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы, - деді депутат.

Зайытов аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрлегенін айтты.

Өйткені аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұқбаттарда басқасын былай қойып, тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып, әрқайсысына 11 Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! - дейді Мәжіліс депутаты.

Зайытов Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ екенін сұрады.

Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не? Сонда қалай?! Әншейінде кез келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары ЛГБТ ұйымына келгенде “тәртіпті қауқарсыз” бола қала ма? “Малғұннан асқан мыстан жоқ, ағыннан асқан дұшпан жоқ”, – екенін естеріңізге тағы салайын ендеше, - деп айтты депутат.

Ринат Зайытов Үкімет басшысына жолдаған сауалында Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы “Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы” заңының 1-бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуын талап етті.

Өзгелердің жаңалығы